Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің ұстазы Азамат Есеев оқытып жатқан 8 шәкірт арабша хат танып, Құранға түсті. Бас имам Қанат Әділханұлы Алланың кәләмін оқуға кіріскен шәкірттерге Құран кітабын табыстады.
Шара аясында Қанат Әділханұлы: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарға білім алудың парыз екенін айтып, сахабаларына ілім алуды өзі бастап үйреткен болатын. Мысалы, Бәдір соғысында қолға түскен мүшриктерге бостандық алулары үшін әрбіріне он баладан сауат аштыруды талап етіп, қаншама сахабалардың сауатын ашуға мүмкіндік жасайды. Мұсылман үшін ілім алу, білімді болу құлшылықтың кемшіліксіз орындалуына жол ашады. Ал білімсіздіктің залалы шаш етектен. Білімсіздік мұсылман жамағатын жік-жікке бөліп, дінге қара күйе жақтырады», - деп настхат айтып, мешіт ақсақалы білім талап етуші шәкірттерге батасын берді.