Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы Ақжар ауылы «Әбдікерімұлы Айдар» мешітінің жамағатымен кездесіп жұма намазын жүргізді.
Қанат Әділханұлы насихатында: «Исламның бес тірегінің бірі – қажылық. Қажылық сөзінің тілдік мағынасы: ұлық тұтқан нәрсеге талпыну, оны мақсат тұту дегенді білдіреді. Шариғатымызда: балиғатқа толған, ақыл есі дұрыс, денсаулығы сау әрі қаражат мүмкіншілігі табылған мұсылманның зул-хижжа айында Алла Тағалаға құлшылық ету үшін Меккеге барып, бекітілген амалдарды орындауын «қажылық» деп атаймыз.
Қажылық ғибадатын орындау денсаулығы мен материалдық тұрғыдан шамасы келуші әрбір мұсылманға – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында:«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы», – деп айтқан», - деді.