Жамбыл облысы Байзақ ауданы Байзақ ауылдық «Тілеш қажы» мешітінің имамы Рахымбек Кенжебайұлының ұйымдастыруымен «Ізгі қоғам өзіңді өзгертуден басталады» тақырыбында I және III аймақ имамдарына семинар өтті.
Семинар жұмысына Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы қатысып: «Ізгі қоғам құру сыйластықтан, бауырмалдықтан, кішіпейілділіктен, кешірімнен, жалпы айтқанда ізеттіліктен басталады. Үлкен ата-әжелеріміз бізге өсиет айтқанда «бір-біріңді тіріңде құрметтеңдер» деп отырушы еді. Өсе келе бұл сөздің мәнін ұға бастадық. Махамбет Өтемісұлы өлеңдерінің бірінде тіріңде сыйласпасаң, өлгенде жылама деген ойды алға тартады. Қазір, өкінішке қарай, адамдардың тірісінде қадіріне жете алмай жатырмыз...
Заманында би болған Саққұлақ дейтін данышпаннан сыйластық туралы сұраған екен. Сонда Саққұлақ би: «Адамның басшысы – ақыл, шолушысы – ой, жетекшісі – талап, қорғаушысы – сабыр, сынаушысы – халық, таусылмайтыны – арман, ең қымбаттысы – ар сақтау, бәрінен ардақтысы – адал өмір сүру, соның ішінде ең тәттісі – сыйластық» деп жауап берген екен», - деді.