#БАЙЗАҚ ИМАМДАРЫ АУДАНДЫҚ МҰРАЖАЙДА

#БАЙЗАҚ ИМАМДАРЫ АУДАНДЫҚ МҰРАЖАЙДА

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы «Дархан дала» жобасы аясында «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен танысып, мұражайға қойылған жәдігерлер туралы тың ақпараттарды алды.

Байзақ ауданы әкімінің 2010 жылғы маусым айының 14-і күнгі   №377 Қаулысы бойынша  Байзақ ауданы әкімдігінің мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Аудандық тарихи-өлкетану музейі» мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорны құрылды. Жалпы аудандық музей бес экспозициялық залдан құралған.

Археология залы. Бұл залда аудан аумағында жүргізілген көптеген археологиялық экспедициялардың нәтижесінде табылған ортағасырлық архитектуралық көрінісі бар құрылыс заттары, сәулет өнерінде қолданған қабырға кірпіштері, тұрмыс заттары, су құбырлары тағы басқа археологиялық жәдігерлер қойылған.

Этнография залы. Этнография залында қазақ халқының тұрғын үйі - киіз үй және оның  жабдықтары, дәстүрлі қолөнер бұйымдары, көшпенді қазақ халқы қолданған  ас үй бұйымдары қойылған. Қазақ халқы үшін киелі саналатын киіз үйдің ішкі жабдықтарына оралатын болсақ, көптеген ұлттық нақыштағы тұрмыс бұйымдарын көре аламыз. Мысалы, абдыра – киім кешек немесе басқа да бағалы бұйымдарды сақтауға арналған сандық. Жүкаяқ- жиған жүктің астына қоюға арналған ағаш тұғыр. Сонымен қатар, бұл залдан тұрмыста қолданылған бұйымдар  – бесік,  қоржын, күбі, келі-келсап, диірмен тас және ат әбзелдері - ер тоқым, алты өрімді қамшы, сойыл шоқпар, қазақтың қара домбырасы, ою-өрнекті– комзол, қасқыр ішік, сары тон, жалпы ұлттық киімдерімізді көре аласыздар.

Залдан ұлттық ойынымыз – асыққа арналған бұрышты да байқаған боларсыздар. Асық-малдың сан мүшесіндегі асықты жілік пен сирақты бір-біріне тұтастырып тұрған немесе, санның жоғарғы буыны мен сирақты бөліп тұрған, орыны жағынан толарсақпен асықты жілікке тәуелді келетін, мал сүйектерінің ішіндегі тұтас біткен ең шымыр сүйек.

Біздің музейімізде сақтаулы тұрған ғасырлардан ғажайып мұра боп жеткен ұлттық әшекей бұйымдар – дәл осы залға қойылған. Халқымыздың әшекей бұйымдарында үлкен тәрбиелік мән бар. Жалпы нәзік жандар үшін әшекейсіз жүру «төрт құбыласы тең» еместей көрінген. Сондықтан да әшекей бұйымдар ұлттық киімнің ажырамас бөлігі ретінде саналған.

Шашбау – қыз-келіншектер шашына тағатын сәндік әшекей бұйым. Кезінде ақындар жырға қосқан мына шашбау XIX ғасырдан жеткен асыл мұра. Сәндік әшекей бөлшектерімен безендірілген шашбау бұрымның түбіне ілінеді немесе шашпен бірге өріліп, бұрымға сән беріп тұрады. 

Сырға. Сырғалардың түрлері өте көп. Қазақ үшін сырғаның атқаратын рөлі өте маңызды болған. Себебі халқымызда бүгінге дейін сақталған "сырға салу" дәстүрі бар.

Жүзік. Ұлтымызда жүзік түрлері де көп. Жүзікті көп баланың анасы атанған бәйбішелер, құдағилар тағады. Көрмеге - екі саусаққа киілетін құдағи жүзік қойылған.

Білезік. Білезіктің жалпақ, сондай-ақ топсалы, сақинамен шынжырлар арқылы жалғасқан және жіңішке түрлері кездеседі. Көз орнатылған да түрлері бар. Барлық жастағы әйел заты таға береді.

Қапсырма. Қапсырма – бір-біріне топса арқылы бекітілетін екі бөліктен тұрады. Олар үш бұрыш, сүйір, доға тәріздес әр түрлі пішінде болады. Қапсырманың бетіне аң-құстың, ай мен күннің, немесе өсімдік тектес өрнектер салынып, тастар қондырылып әсемделеді.

Алқа. Оны өңіржиек деп те атайды. Алқалар бір-біріне шығыршық арқылы жалғасады және бірнеше төрт бұрышты әшекейлерден құрастырылады. Әр әшекейдің ортасына, жиектеріне асыл тастар орнатады.

Аудан тарихы. Бұл экспозияциялық зал аудан тарихына арналған. Свердлов ауданын Байзақ ауданына өзгерту туралы Елбасы Жарлығы, Байзақ ауданының құрылу тарихынан сыр шертетін тарихи даталар, мақалалар, фотосуреттер, жалпы аудан тарихына байланысты ауданның өсіп-өркендеуіне үлес қосқан азаматтар: ауданның әр кезеңдеріндегі басшылары, белсенділері халық қалаулылары, еңбек ерлерінің суреттері, тұрмыс заттары, сондай-ақ залдың бір бөлігінде кеңес заманында қолданыста болған тұрмыстық бұйымдар - қабырға сағаттары, май шам, шойын үтіктер, баспа машинасы, фотоапараттар, желдеткіш құрал тағы басқа жәдігерлер бар. Кеңестік кезеңдегі, Қазақстанның Тәуелсіз  мемлекет ретіндегі алғашқы   банкноттары, шет ел валюталары да өзіндік орынға ие. Бұл залда тұрмыста қолданылған соңғы ортағасырларда қолданыста болған металл су таситын құмыралар, тегене, мыс бұйымдар, батырлардың ұрысқа  шығарда  басына киетін темірден жасалған бас киімі дулыға және қорғаныс құралы қалқан да көрнекілік орынды алып отыр.

Даңқ залы. Бұл зал Еңбек Ерлері және  Ұлы Отан соғысының батырларына арналған. Мұнда Берлиндегі Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен қазақ азаматы, «Халық қаһарманы» Рахымжан Қошқарбаев, аты аңызға айналған партизан, көрнекті жазушы, «Халық қаһарманы» Қасым Қайсенов, Кеңес Одағының батыры, жазушы, екінші дүниежүзілік соғыстың даңқты жауынгері, әскери қолбасшы Бауыржан Момышұлы туралы деректер таныстырылады.

Музейдің бұл залында аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, үш мәрте Социалистік еңбек ері,  Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, техника ғылымдарының докторы Дінмұхамед (Димаш) Ахметұлы Қонаевтың өмірімен де танысуға болады.

Сондай-ақ, мұнда Кеңес Одағының батыры Ағәділ Сухамбаевқа панорама жасалған.

Мәдениет, өнер залы.Мәдениет және өнер залында Байзақ ауданынан шыққан қазақтың маңдайалды азаматтары, ғылым, білім, спорт, өнер саласына еңбегі сіңген, мемлекеттік мәртебеге ие болған қайраткерлердің өмір тарихы, фотосуреттері, шығармалары орналасқан.

Атап айтар болсақ, белгілі жазушы-журналист, елімізге танымал қоғам қайраткері Арғынбай Бекбосын, журналист, публицист Жақсылық Сәтібеков, Қазақстан Жазушылар және Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ақын-жазушы, журналист Қайыпназар Шотбасов, айтыскер ақындар Мұхамеджан Тазабеков, Алтынкүл Қасымбекова, Әзімбек Жанқұлиев, қазыналы қариялар – Жапар Дидарбеков, Рәш Шәметұлы, атақты спортшылар Жақсылық Үшкемпіров, Болат Жұмаділов, Алмас Мұсабеков сынды азаматтардың киелі Байзақ топырағынан шыққанын мақтан етеміз.

Аудан бас имамы Қанат Әділханұлы мұражай басшылығы мен қызметкерлеріне тың ақпарат бергені үшін, және әр бір жәдігердің тарихын айтқаны үшін алғысын айтып, жұмыстарына береке тіледі.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: