Бүгінде қазақтың әрбір үйінен отбасы мүшелеріне ақылын айтып, тәлімді тәрбиесін беріп, ұлағатты ұғымдарды сіңіріп, шүбірлеген немере-шөберелерінің ортасында марқайып отырған ата-әжелерімізді көрудің өзі – бір ғанибет. Жастары егде тартқан шақта қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жетілдірген ұл-қыздары қас-қабағына қарап, немерелері қойнына тығылып, мойнына асылып жатса – еңбектерінің ақталғаны емес пе? Қарияларымыздың «Жасымда бейнет бер, қартайғанда зейнет бер», - деп Құдайға құлшылық етуінің мәні де, мәнісі де осында.
Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Мырзатай ауылындағы мешітке еңбегі сіңген ардагер имам Үнетаев Ният ақсақалдың хал жағдайын сұрап, қарияға алғыс хат табыстап, қазақы дәстүрге сай шапан жауып, құрмет көрсетті.
Айтулы шараға «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы және «Естай баба» мешітінің имамы Мұқтар Мэльсұлы да қатысты. Ардагер имам келген қонақтардың құрметіне дастарқан ашып, ас ұсынып, жас мамандарға өзінің ақ жарма батасын берді.