«Жүніс молда» мешітінің асханасында Меркі ауданы әкімдігі ауызашар берді. Қасиетті Рамазан айының құрметіне Меркі ауданы әкімдігі тарапынан ауызашар дастарханы жайылды. Игі іс-шара «Жүніс молда» мешітінің имамы Дастан Қасымалиевтың Құран оқуымен басталып, бас имам Азамат Берікұлы дұға жасады.
Жиын барысында Меркі ауданының бас имамы Азамат Берікұлы жиналған жамағатқа Рамазан айының артықшылығы, қадір-қасиеті турасында уағыз-насихат айтты. Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейірхан Азатұлы келіп жеткен қасиетті Рамазан айымен құттықтап, сөз сөйледі. Ардагерлер кеңесінің төрағасы Жылысбаев Байсейіт пен Арғынбаев Қайрат өсиетті сөздерін айтып, осы игілікті іс-шараны ұйымдастырған Меркі ауданы әкімдігінің ұжымына алғыстарын білдіріп, бата берді.
Пайғамбарымыз (Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Кімде-кім ораза ұстаушының аузын аштырса, ораза ұстаған адамның сауабындай сауап алады» - деген. Алла баршамыздың ұстап жатқан оразамызды қабыл етсін!
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі