Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен биылдан бастап 14-23 наурыз аралығында халықтық мерекені тойлауға арналған "Наурызнама" онкүндігі жарияланған болатын. 18 наурыз - Ұлттық киім күніне орай және қасиетті Рамазан айының наурыз мерекесімен қатар келуіне байланысты ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша өкілдігі жұмыс күнін ерекше ұлттық киім үлгісімен бастады. Облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінде өтетін дәстүрлі дүйсенбілік жиналысқа барлық мешіт қызметкерлері қатысты, сонымен қатар өңірге қарасты барлық аудандардың бас имамдары да онлайн түрде қосылды.
Бұған дейін де дін мен дәстүрді насихаттап жүрген дін қызметкерлерінің тақия, шапандары да ұлттық нақышпен зерленгенін айта кетейік. Әр ұлтты ерекшелендіретін қасиет – дәстүрлі құндылықтары. Адамның жеке қолтаңбасы болатыны секілді, әр ұлттың қолтаңбасы іспетті дара әдет-ғұрпы, салт-санасы бар. Ұлттық киім – кез келген халық мәдениетінің ажырамас бөлшегі. Ол жай ғана киім емес, бүтін ұлттың бет-бедерін айқындар ұлан-ғайыр тарих.
Бас қосуда апта ішінде атқарылатын жұмыстар легі тілге тиек болып, бас имам Бейбіт Мырзагелдиев апталықты атқару жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі