Жамбыл облысы Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы «Дархан дала» жобасы аясында Елордамызда орналасқан Республикалық Бас мешітпен танысты. Орта Азияда теңдесі Бас мешіттің наиб имамы Жандос Тәжімұратұлы Жамбылдан келген қонақ Қанат Әділханұлына мешіт пен оның ұжымының жұмысын қысқаша таныстырып өтті.
2019 жылғы 18 наурызда құрылыстың бастамашысы Нұрсұлтан Назарбаев жаңа мешіттің құрылыс алаңына алғашқы кірпішін қалады. Құрылысты жеке инвесторлар қолдады, мемлекеттік бюджеттен қаражат пайдаланылмады. 2022 жылдың 12 тамызында Назарбаевтың қатысуымен мешіттің ашылуы өтті.
Мешіт 10 гектар жер аумағында салынған. Жалпы ауданы 68 062 м². Мешіттің сыйымдылығы 235 мың адамды құрайды. Оның ішінде ашық алаңда шамамен 200 мың адам, нақтырақ айтқанда подиум мен сахна аймағында 30 мың адам, мешіт ауласында 170 мың адам бір мезетте құлшылық жасайды.
Мешітте биіктігі 130 метр төрт мұнара бар. Әрбір мұнара исламның бес негізін білдіретін 5 бөліктен тұрады. Сол қанаттағы мұнаралардың бірі келушілер үшін ашық, туристер мұнараға лифт арқылы немесе жаяу көтеріліп, қаланы биіктен тамашалай алады.
Үлкен күмбездің биіктігі – 83,2 метр, диаметрі – 62 метр. Мешіттің кіреберіс есігі әлемдегі ең биік ағаш есіктердің бірі саналады. Оның биіктігі – 12,40 метр, салмағы – 1,5 тонна. Сондай-ақ есіктер қазақша өрнектермен безендірілген.
Құбыла жақтағы қабырғада алтын түспен жарықтандырылған Алланың 99 есімі жазылған. Мозаика қабырғасының ұзындығы 100 метр, биіктігі 22,4 метр. Мозаика алуан түсті 25 миллион шыныдан тұрады. Мешіттің үлкен залы мен әйелдер намаз оқитын орынға толық кілем төселген. Бұл – әлемдегі қолмен тоқылған ең үлкен кілем. Оның жалпы ауданы – 15 525 шаршы метр. Салмағы – 4 700 гр/м2. Қалыңдығы – 15 мм. Кілем Жаңа Зеландияда таза (100%) жүннен тоқылған. Кілемнің ортасындағы медальонының диаметрі – 70 метр. Ол да әлемдегі ең үлкен кілем медальоны болып саналады. Кілемнің оюлары қазақша нақышпен безендірілген.
Мешіттің үлкен залына ілінген ортадағы таза шыны (хрусталь) аспашамы әлемдегі ең үлкен аспашамдардың бірі саналады. Оның диаметрі – 27 метр, салмағы 20 тонна. Ол да түрлі көлемдегі хрусталь панельдерден құралған. Барлық хрусталь жеті түстегі 3 614 833 бөлшектен тұрады, әрқайсысы қолмен жиналған. Үлкен люстра 1 360 890 хрусталь бөлшектен құрастырылған. Мешіттің төрт бұрышында диаметрі 8 метрлік төрт аспашам ілінген.
Сонымен қатар, мешіттің жерасты қабатында 440 орындық банкет залы, 405 орындық жабық паркинг, вестибюль, дәретхана, техникалық, ритуалдық қызмет көрсету орны, құрбан шалу орны және басқа бөлмелер орналасқан. Бірінші және екінші қабаттарда намаз оқитын орыннан бөлек сыныптар, конференц-зал, неке қию залы, Құран оқитын бөлме, телестудия, кеңселер, қызметтік бөлмелер, дүкендер, мұражай және техникалық бөлмелер бар.