Жамбыл облысы Байзақ ауданы Аймантөбе ауылдық «Аймантөбе» мешітінің имамы Кенжехан Өксікбайұлының ұйымдастыруымен ауыл тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесуге Жамбыл облыстық «Һибатулла Тарази» мешітінің ұстазы Есет Таласбаев және «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Жұмағұл қатысты.
Таласбаев Есет ислам және дәстүр құңдылықтарын негізге алып: «Бүгінгі жаһандану дәуірінде әлемде болып жатқан өзгерістер, соның ішінде рухани, адами құндылықтар, жас ұрпақ тәрбиесі – ең өзекті мәселердің біріне айналып отыр. Ырғағы мен өзгерісі жылдам болып жатқан осындай заманда ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан рухани құндылықтарымызды, бала тәрбиелеудегі ғасырлар бойы жиналған алтын ережелер мен қағидаларды ұстап, сақтап қалу оңай емес. Осы орайда, бүгінгі таңда бала тәрбиесіне байланысты туындап отырған мәселердің шешілу жолын көрсететін басты қағидаларды ұсынуды жөн көріп отырмын. Бала тәрбиелеудегі маңызды болып саналатын ең басты қағида – баланың бойына рухани құндылықтарды сіңіру. Баланың бойына имани тәрбиенің дәні анасының құрсағында жатқанында көктей бастайтыны туралы көпшілігіміз біле бермейміз, білсек те оған аса мән бермейді екенбіз. Халқымыз, бала тәрбиесі ана сүтімен даритынын әуелден білген және оған аса ыждаһаттылықпен, жауапкершілікпен қараған», - деп «Бала тәрбиесі – бір өнер» тақырыбында насихатын айтты.