Меркі ауданы, Т.Рысқұлов ауылының "Жарас ата" мешітінің имамы кәсіпкерлерді қасиетті Рамазан айында арақ-шарап ішімдіктерін сатпауға шақырды.
"Жарас ата" мешітінің имамы Мадияр Қанатұлы ауылдағы әр дүкенді зиярат етіп, дүкен иелеріне: "Арақ-шарап ішуден де, сатудан да, біздің асыл дініміз қайтарған. Сол себепті Рамазанда арақ сатпаңыздар қасиетті айға құрмет ретінде" - деп насихат жұмысын жүргізді.
Жүргізілген іс-шараның себебінен ауыл дүкендері Рамазан айында арақ-шарап сатпауға уәде берді. Тіпті бір дүкен иесі Оразадан кейін де, мүлдем дүкен сөресінде ішімдік сатпайтынын айтты.
Алланың елшісі (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) былай дейді: «Арақ он түрлі қырынан қарғысқа ұшырады: арақтың өзі, оны ішуші мен құйып беруші, сатушы мен сатып алушы, дайындаушы мен дайындатушы, әкелуші мен әкелдіруші және арақтан түскен пайданы жеуші Алла тарапынан қарғысқа ұшырады» ( Абу Дауд, Ахмад, Ибн хиббан).
Арам астан бас тартып, адал сауда-саттық жасауға ниет еткен барша кәсіпкерлерге Алла Тағала разы болып, кәсіптеріне береке берсін.
Меркі аудандық "Меркі ата" мешітінің баспасөз қызметі.