Күмбезі көк тіреген Тараз шаһарының ең көрікті құлшылық ордасы саналған облыстық "Һибатулла Тарази" мешітіне жаңа кілем төселді. «Bal Carpet» кілем заводы арқылы алынған кілем Түркияда арнайы дайындалды. Түсі мешіттің ішкі залының әрлемесіне сай таңдалған кілем талшықтарының тығыздығы 1 шаршы метрге 1 миллион талшықты құрайды. Талшығының биіктігі 1,2 см болатын кілем 2 ай бойы тоқылып, 1076 шаршы метрге төселді.
Ерекше атап өтетін жайт - кілем ортасындағы қазақи нақыштағы ою арнайы түрде мешіт михрабы жанындағы қабырғадан көшіріп алынып, мешіт ұжымының ұйғарымымен кілемге басылды. Отандық мешіттердің тарихында мұндай дизайн тұңғыш рет жасалып отыр. Кілемді «Bal Carpet» кілем заводының арнайы мамандары екі күн ішінде төсеп шықты.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтың бастамасымен жасалған ауқымды өзгеріс үшін мешіт имамдары мен қызметкерлері белсене араласып, жан-жақты жұмыс жүргізді. Игі бастамаға қолы ашық, қайырымды жандар демеушілік көрсетті. Алып кілемді әкелген сәтте-ақ бірлігі мол мешіт жамағаты бар ықыласымен көтерісіп, мешіттің жаңаша жарқырауына үлес қосты.
Мешіт – Алла тағалаға ғибадат-құлшылық жасалатын орын. Жаратқанға жалбарынатын жер болғандықтан, Алла үйі болып есептеледі. Имам Мүслім (р.а.) риуаят еткен хадис шәріпте пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.): «Алла тағала үшін қаланың өте көрікті орындары – мешіттер болып саналады...», – деген. "Кім Алла үйінің жағдайын реттесе, Алла сол адамның өмірін реттеп қояды" - деген даналық бар.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі