Абылай хан 1781 жылы өлгеннен кейін Қазақ хандығының ыдырау дәуірі басталды. Ел ішінде түрлі талас-тартыстар орын алып, қазақтар өз ішінен алауыздыққа ұрынды. Әбілхайыр хан, Әбілпейіз хан, Абылай ханның ұрпақтары әр өңірде жеке билік жүргізе бастады. Соның әсерінен бұрын біртұтас ел болған қазақ халқы бірнеше кіші хандықтарға бөлініп кетті. Солардың бірі уағында жоңғардан босаған Өр-Алтайға барып қоныс тепкен Абақ Керей хандығы еді.
Қытайдағы Мәнжу императорлығының протектораты болған Абақ Керей хандығының құрылуы хақында айтар болсақ, бұл хандық 1790 жылы Өр-Алтайда құрылды. Ал, Абақ Керейдің Өр-Алтайға қоныс аударуы туралы, тарихшылар Абақ Керей руының Алтай тауының күңгей тұсы мен Еренқабырғаға дейінгі аралықтағы аймаққа, Абылай ханның Цинь патшалығымен жүргізген дипломатиялық күресінің нәтижесінде қол жеткізгендігін айтады.
Тарихшы Ахметолла Қалиұлы Абылай ханның оң тізесін басқан қазақтың белді батырларының бірі Бердәулетұлы Жәнібек батырдың жоңғарды түре қуып, бұл өңірге Абақ Керейді көшіріп алып келгендігін айта келіп, ел аузында қалған Бұқар жыраудың: «...Керей қайда барасың» деп басталатын толғауынан терең тарихи сыр шертеді: «Абақ Керей Сыр өңірін мекендеген жылдары бірде үлкен той болады. Тойда Абақ Керей мен Арғын елі керісіп қалып, бірнеше адам екі жақтан да жараланады. Сойылға жығылғандардың ішінен Арғынның Ақмырза деген жігіті қаза болып, жаласы Керейге қалады. Араағайындық жасап қазақ заңы бойынша Керейден Арғынға құн алып беріп, Абақты Арғынның аяғына жығып бітірмек болады. Бұған Керей жағы: «Біз адам өлтіргеніміз жоқ, Арғынның өз арасында өштік бар. Осы орайда бірін-бірі өлтіріп, жаласын бізге жауып отыр, ағайынның бәрі іргелі Арғынға бұрып сөйледі. Іргеден жау, белдеуден дау шықты, осы қастық қалып, өштік өшкенше мойны ұзақ бір жерге оқшаулана тұрғанымыз абзал деп Абақ керей бұл маңнан ауа жөнеледі. Бұл Чянлүңның 36 жылы екен».
Бұл кез қазақ пен қырғыз арасындағы қақтығыс аяқталып, қырғыз ханы қызы Тұмарды Әбілпейіз ханға беріп, енді ғана тыныштық орнаған шақ екен. Ол заманда ел ішінің тыныштығы, іргенің бүтіндігі, ағайынның татулығы елдің ел болуының негізі еді. Осыны ойлаған ел жақсылары көшкен Керейді тоқтату үшін артынан қуып барып ақыл айтып, қайтаруға Бұқарды жібереді. Бұқар жырау: «Керей қайда барасың?» деп толғау айтып, үдере көшкен жұртты қайтармақ болғанымен, Абақ Керей сол көшкеннен Қалба, Маңырақ, Кішкене тау деген таулары, Зайсан көл, Кішкене көл деген көлдері бар өңірден ірге теуіп, Шығысы Сауыр тауының шығыс тұмсығы, Үліңгір көлі, Үліңгір өзеніне дейін кең көсіліп орнығады. Әсілі бұл Керей тайпасының Жоңғар жаугершілігі заманынан бұрынғы қара қонысы еді, кейін шапқыншылықтар тұсында ірге аударып, ығысып кеткен-ді. Абақ Керей сол мекенге қайта оралады.
Жалпы, Алтай тауының күңгей тұсы Абақ Керейдің ежелден ата-қонысы болатын. Цинь патшалығының деректеріне қарағанда, Абылай хан жоңғарды жеңгеннен кейін, Цинь патшасымен дипломатиялық күрес жүргізе отырып, Абақ Керейді өз ата-мекеніне қайта көшірген. Абылай ханның бұл реформасы Қытай деректеріне қарағанда 1760 жылы жүзеге асқан. Абақ Керейдің Арғынмен алысып, Алтайға ауа көшуі, Абылай ханның алғашқы көшіруінен кейін болған. Абақ Керей Алтай тауының күңгей беті мен Еренқабырғаға дейінгі аралыққа келіп жайғасқаннан кейін, мұндағы қазақтың Найманы мен жоңғардың Торғауыт тайпасымен қоныстас болып, көшпенді өмір сүрген шағында да тайпалардың арасында жер дауы секілді жәйттер орын алады. Найман мен Торғауыт Абақ Керейге: «Сендер ауған елсіңдер, белгілі билеуші хандарың жоқ» деп, дау-дамайда теңдік бермейді. Ақыры Абақ Керей игі жақсылары Тауасар биді тарту-таралғысымен Жетісуді билеген Әбілпейс ханға ұлдарының бірін төре етіп тағайындауды өтініп, елші етіп жібереді. Әбілпейс хан қырғыз манабының қызы Тұмардан туған Көгедайды Абақ Керейге төре етіп тағайындайды. Бұл шамамен 1780 жылы болған оқиға екен.
Әбілпейіз хан 1783 жылы өлгеннен кейін, оның орнын басқан баласы Ханқожа сұлтан тек Найман тайпасының ғана билеушісі болады. Ал Көгедай 1790 жылы Пекинге барып, Цинь патшасынан Абақ Керейге «гүң» (князь) деген лауазым алып қайтып, Абақ Керейді жеке-дара билей бастайды. Көгедай хан Цинь патшасымен жасасқан «Сары ноқтаның аты» деген келісімшартқа сай, жылына белгілі мөлшерде (мың байтал) салық төлеп тұрады. Бірақ, Цинь патшасын Абақ Керей хандығының ішкі істеріне араластырмаған. Абақ Керей хандығы протекторат жағдайында (жартылай тәуелсіздік) Цинь патшалығына бағынады.
Көгедай хан 1820 жылы қайтыс болып, Абақ Керей тағына баласы Ажы төре отырады. Алайда, Ажы төре әкесіндей алымды болмаған соң, Абақ Керейдің белді билері ел басқару ісінде төрелердің билігін шектейтін конституциялық монархия түзімін енгізеді. «Төрт би төре заңын» зерттеуші Бидахмет Мұқайұлы өз еңбегінде бұған мынандай дерек келтіреді: «Өскен ел ішіндегі Жәдік, Жантекей рулары Ажы гүң жол көрсетіп, Абақ Керейден ел басқаратын билер сайлауды ортаға қояды. Ақыры, Абақ Керейге сүйеніп күн көріп келе жатқан Ажы гүң өзіне қолқанат болмаса ел басқарудың қиынға түсетінін сезініп, 1836 жылы Буыршынның «Ұштас» жайлауында «Төрт би сайлауы» жиынын оздырады. Олар дүние төртке тоқтайды дей келіп төрт би сайлау бекіміне келген соң, Жантекейдің Көкен Момытұлы, Топан Сатайұлы, Жәдіктен Бейсенбай Дөненбайұлы, Құлбек Жантеліұлы қатарлы адамдары «Төрт биді» сайлайды».
Алтай қазақтарының тарихын зерттеуші Қостай Жақияұлының келтірген дерегіне қарағанда, Буыршынның Ұштас деген жерінде өткен. «Төрт би төре заңы» алқалы құрылтайы 1841 жылы болған. Аталмыш деректерде хронологиялық сәйкессіздік болғанмен, Абақ Керей тайпасы Буыршынның Ұштасында алқалы жиын өтіп, Абақ Керей хандар емес, билер басқаратын саяси жүйеге өтеді. Цинь патшалығына протекторат Абақ Керей хандығы 1911 жылға дейін өмір сүреді. 1911 жылы Цинь патшалығы жойылып, Қытайдың ұлттық үкіметі құрылғанда, Абақ Керей хандығының протектораттық мәртебесі тоқтатылады.
Қытайдың жаңа билігі Абақ Керей хандығын жойып, оның орнына бес сатылы жүйеден (зәңгі, залың, үкірдай, тәйжі, амбы) тұратын әкімшілік жүйені енгізді. Бұрынғы сұлтандар мен билердің құзіреті шектеліп, Қытай билігі әзірлеген жандайшаптар елді басқарды. Олар Абақ Керей жұртының ішкі мәселелеріне тікелей араласып, халықты еркіндігінен айырды. Осылайша Абақ Керей хандығының салтанаты біржолата күйреді.
Түйін: ХХ ғасыр ішінде Өр-Алтайда орын алған қанды дүрбелеңдер Қытайдың жаңа үкіметінің Абақ Керейді тәуелсіздігінен айырып, ішкі ісіне араласуынан туындады. Бөке, Зуха, Ырысхан, Есім хан, Оспан батырлар Абақ Керейдің егемендігі үшін атқа қонды. Олар ішкі дербестіктен айырылса, қызының қырымға, ұлының ұрымға сатылып, қарашаның құлдыққа түсетінін анық аңғарды. Сонау XVIII ғасыр соңында Көгедай хан негізін салған өзін-өзі басқарған саяси жүйені сақтап қалу үшін арпалысып, қан майданда жан тәсілім етті. Бұл – қасіретке толы қазақ тарихының бір парасы болатын.
Мұхан ИСАХАН,
PhD докторы
«Иман» журналы, №9, 2022 жыл