АЛЛА КІМДІ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ?

АЛЛА КІМДІ ЖАҚСЫ КӨРЕДІ?

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли-Ғимран» сүресінің 159-аятында: «Егер бір іске бел байласаң, алдымен адамдармен кеңес, одан кейін шешім шығарып, Аллаға тәуекел ет. Сөзсіз Алла тәуекел етушілерді жақсы көреді» деп баяндаған. Тағы бір аятта: «Ал кім Аллаға тәуекел етсе, сонда ол оған жетіп асады» («Талақ» сүресі, 3-аят) деп сүйіншілеп, әр істе өзіне тәуекел етудің маңыздылығын атап көрсеткен.

Сондықтан да болар, Құранда тәуекел ұғымы жайлы 79 рет қайталанып келеді. Жалпы тәуекел сөзінің тілдік мағынасы «сенім арту, істі басқаға тапсыру» дегенге саяды. Ал шариғаттағы мағынасына келер болсақ, тәуекел ету – шынайы түрде Аллаға сеніп, батыл кірісу. Яғни, Аллаға тәуекел етуіміз Жаратушыға деген иманмен тығыз байланысты. Пенденің барлық істе Аллаға тәуекел етуі егіншінің әрекетіндей: егінші ерте көктемде жерді өңдеп, өнімін егіп, оны баптап болған соң нәтижесін күтіп, берекесін Алладан сұрайды. Құлшылықта болсын, тіршілікте болсын пенденің жүректегі иманының амалына ұласып жатуы – тәуекелдің ең кәміл көрінісі. Ал керісінше еш әрекет етпестен «Аллаға тапсыра салуды» не «тағдырға  итере салуды» дініміз құптамайды.

Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Омардан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисінде: «Егер сендер Аллаға дұрыс тәуекел етсеңдер еді, онда Ол сендерді таңертең ұясынан аш кетіп, кешке қарындары тойып қайтатын құстарды қалай ризықтандырса, сендерді де солай ризықтандырар еді» деп құстың өзі дұрыс тәуекелдің арқасында ерекше нығметке бөленіп  жатқандығын айтып, үмбетін де жетістікке жету жолында қолдан келгеннің бәрін істеп, нәтижесін Аллаға тапсыруға шақырады. Тәуекелдің шариғаттағы төменгі шегі сақтық болса, жоғарғы шегі батылдық. Бірақ пенде сақтық істеймін деп күмәнға, қорқақтыққа бойалдыруына, тәуекел еттім деп көзсіз батырлыққа ұрынуына да болмайды.

Тәуекел әркез ақылға негізделуі тиіс. Әсілі, адам тәуекелге қадам жасамаса, қорқақ, ақылға сыйымсыз батыл әрекет етсе, оспадар болып көрініуі мүмкін. Ал қорқақтық та, оспадарлық та мұсылманға жат қылықтар. Сондықтан адам қорқақтық емес, байыптылық танытып, оспадарлық емес, батыл да орынды әрекет етсе, шариғат құптаған тәуекел иесі бола алады. «Түйемді байлайын ба, жоқ Аллаға тәуекел етейін бе?»  деп сұраған кісіге Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Әуелі түйеңді байла, содан кейін барып Аллаға тәуекел ет» деген хадисінде көп мағына жатыр. Сондай-ақ, шайтан лағынет Исаны (оған Алланың сәлемі болсын) тура жолдан тайдыру үшін: «Ғибадатхананың төбесінен секір. Құдай сені қорғайды ғой» деп көзсіз тәуекелге итермелегенде Иса (оған Алланың сәлемі болсын): «Мен Құдайға сенемін, бірақ сынамаймын» деп ұтымды жауап беріп, оның бетін қайтарып тастады.

Омардың (оған Алла разы болсын) халифалығы кезіндегі мына бір оқиға да тәуекел етудің қандай болатындығының жарқын мысалындай. Халифа Омар (р.а) мемлекет басшысы ретінде Шам аймағына іс-сапарға шығады. Осы кезде бұл аймақта 25-30 мыңға жуық адамның өмірін жалмаған оба тарап жатқан еді. Халифа сахабаларымен кеңесе отырып, кері қайтуға шешім қабылдайды. Мұны естіген Шам қолбасшысы Әбу Убайда (р.а): «Алланың тағдырынан қашып барасыз ба» дейді. Сонда Халифа: «Иә, Алланың тағдырынан Алланың тағдырына бара жатырмын. Егер де сенің түйелерің болса, ал алдыңнан бір жағының шөбі шүйгін, екінші жағы сортаң жайылым кезіксе, түйелеріңді қалауыңмен шөбі шүйгін жағына жайсаң да, Алланың тағдырымен сортаң жағына жайсаң да Алланың тағдырымен жайған болмайсың ба?» деп жауап беруі мұсылманның Аллаға тәуекелі Алланың шариғатына сай шешім қабылдауымен болатындығын көрсетті.

Аллаға деген тәуекел пендені әрдайым жеңіске, ал күмән шиеленіске бастамақ. Халық арасында «Тәуекел түбі – жел қайық, өтесің де кетесің, күмәннің түбі – тұңғиық, батасың да кетесің» деген нақылдың кеңінен таралып кетуі де осының айғағындай. Осы орайда Абай атамыздың:

«Сенбе жұртқа тұрса да қанша мақтап,

Әуре етеді ішінде қулық сақтап.

Өзіңе сен, өзіңді алып шығар,

Ақылың мен қайратың екі жақтап» деген өлең жолдары да Аллаға тәуекел еткен пенденің ұстанатын ұстанымдарын нақтылап тұрғандай.

Жаратушы Иеміз жоғарыда айтып өткеніміздей, қасиетті Құранның бірнеше жерінде құлдарын тәуекел етуге шақыра отырып, шынайы түрде, күшінің жеткенінше еңбектенулерін сұраған және нәтижесі қандай болғанына қарамай, осы талпыныстарының қарымсыз қалмайтынын білдіріп, оларды жалқаулықтан және үмітсіздіктен шектеуді мақсат еткен. Сонымен қатар, Алла Тағала Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қиналған уақытында: «Маған Алла жетіп асады, Одан басқа Тәңір жоқ, Оған тәуекел еттім. Сондай-ақ Ол, Ұлы Ғаршының Раббы» («Тәубе» сүресі, 129-аят) деп айт деуі баршамызға көрсетілген нұсқа жол емес пе?!

Олай болса, Әнастан (р.а) жеткен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисте: «Кімде-кім үйінен шығарда: «Алланың атымен, Аллаға тәуекел еттім. Алланың күш-қуатына жететін ешқандай күш-қуат жоқ» десе оған: «Сен тура жолдасың, екі дүниенің жамандығынан құтқарылдың және қорғауға алындың» делінеді де шайтан одан алыстайды» делінген. Алла Тағала баршамызды Алланың тура жолында болған, Аллаға дұрыс тәуекел еткен, екі дүниенің жамандығынан құтқарылған және қорғауға алынған, істері жеңілдетілген құлдарының қатарында болуымызды нәсіп етсін! Әмин!

 

Ринат МАРАТҰЛЫ,

Алматы облыстық «Қапшағай»

мешітінің наиб имамы 

 
ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: