Бұл жерде мына бір жайтты есімізден шығармайық, Алла Тағала қасиетті Құранның соңғы екі сүрелерін «а’у́зу» сөзімен бастайды. Ардақты Пайғамбарымызға (ﷺ) дуалы арбаулар жасалғанда, дәл осы сүрелер түскен. Қызғаныш пен дұшпандық қалыптан, яһуди Лябид ибн Асим мен оның қыздары Пайғамбарымызға (ﷺ) арбау жібереді. Бұл сиқырдың салдарынан Пайғамбарымыз (ﷺ) бір нәрсені жасап, оны жасаған, жасамағанын кейін ұмытып қала беретін болған екен. Ол Алла Тағаланың Пайғамбары (ﷺ) болғандықтан мұндай ұмытшақтық ислам қағидаларына, оған түскен уахилер мен аяттарға қатысы болмған. Оған сиқыр ешқандай әсер ете алмаған. Бірақ ол оның дағдылы, күнделікті істеріне әсерін тигізген еді. Ол (ﷺ) бір нәрсені істеп, ал сосын оны істемедім деп ойлайтын болған. Немесе әлдебір істі бастамас бұрын, оны тындырып қойдым деген шешімге келетін. Сол кезде«Фәләқ» пен «Нас» сүрелерінің он бір аяттары сиқырдың салдарын жою үшін түсірлген болатын. Жіптен болған он бір түйін, әрбір түйінге шаншылған инесімен Пайғамбарымыздың (ﷺ) шашымен бірге көмілген екен. Пайғамбарымыз (ﷺ) осы сүрелерді айтқанда, барлық түйіндер шешіліп отырған, демек, оқылған әрбір аят бір түйіннен шешіп отырған. Нәтижесінде Пайғамбарымыз (ﷺ) сауығып кетеді.
Төменде «Фәләқ» және «Нас» сүрелерінің қазақша аудармасын келтіреміз: «Фәләқ» - «Таң»:
(Мұхаммед Ғ.С.): «Таңның Раббына сиынамын, Жаратқан нәрселерінің кесірінен, Қараңғылық басқан сәтте, түннің кесірінен, Түйіншектерге дем салушылардың кесірінен, Күншілдердің кесірінен, ол күндеген сәтте (сиынамын) де».
«Нас» - «Адамдар»
(Мұхаммед Ғ.С.): «Адамдардың Раббына, Адамдардың иесіне, Адамдардың Тәңіріне, Сыбырлап азғырушының кесірінен, Сондай адамдардың көкейлеріне салатын; Мейлі жыннан, мейлі адамдардан болсын, (бүкіл азғырушылардың кесірінен Аллаға) сиынамын де».