МҰҒЖИЗАНЫҢ АҚИҚАТЫ

МҰҒЖИЗАНЫҢ АҚИҚАТЫ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Мұғжиза дегеніміз Алла тарапынан пайғамбарларға берілетін ерекше сый. «Мұғжиза» сөзінің тілдік мағынасы «шарасыз, әлсіз қалдыру», - дегенге саяды. Ал терминдік мағынасы: «Пайғамбар өзінің пайғамбарлығын жария еткеннен кейін өзіне сенбегендерге қарсы Алланың қалауымен көрсеткен әдеттен тыс істері».

Мұғжизаның ең биік шыңы – Құран Кәрім. Алла тағаланың сөзі Құран адам баласына берілген ерекше керемет сый-сияпаты десек артық айтқанымыз емес. Ғалымдардың айтуынша, Құран толық жинақталған күйінде мұғжиза болғаны сияқты, оның әрбір бөлігі теңдессіз сипатқа ие. Алла Тағала Құран Кәрімдегі Тур сүресінің 34 аятында: «Ендеше, егер олар шыншыл болса, Құран сияқты бір сөз келтірсін», Һуд сүресінің 13-аятында: «Немесе олар: Құранды өзі жасады дей ме? (Мұхаммед (с.ғ.с.) оларға: Егер айтқандарың шын болса, Алладан өзге көмекке шақыра алатындарыңды шақырыңдар да, ол сияқты жасама он сүре келтіріңдер, деп айт» және Бақара сүресінің 23-24 аяттарында «Егер құлымызға түсіргенімізден күдіктенсеңдер, онда сендер де соған ұқсас бір сүре келтіріңдер, Алладан өзге көмекшілеріңді де шақырыңдар, егер сөздерің рас болса. Егер оны істемесеңдер, (әзір келтірмесеңдер, келешекте) сірә, істей алмайсыңдар. Ендеше, отыны адамдар, тастардан болып кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар!», - деген нақты дәлелдер келтірген.

Сондай ақ, Алла Тағала «Исра» сүресі, 17-аятында: «Егер адамдар мен жындар осы Құранның ұқсасын келтіруге жиналса, тіпті олар, бір-біріне көмекші болса да келтіре алмайды», - деді. Себебі, мүшріктер Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран оқығанда келіп тыңдап: «Мына не деген керемет сөздер», - деп таңданысын білдіріп кететін болған.

         Ал, Хазіреті Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) арабтардың әдебиеті мен бәләғаты дүркіреп тұрған кезде, Құран аятымен ақын, шешен, жыраулардың ауздарына құм құйды.

Кез‑келген оқиғаны мұғжиза ретінде тануымыз үшін, оның мынадай өзіндік ерекшеліктері болуы тиіс:

  1. Мұғжиза негізінен Алланың ісі, пайғамбар тек оған дәнекер ғана болады: Алла Тағала Ғафыр сүресінің 78-аятында «Ешбір елші Алланың рұқсаты болмайынша бір мұғжиза келтіре алмайды», - деді.
  2. Мұғжиза қалыпты табиғат заңдылықтарына қайшы оқиға. Мәселен, тастың Пайғамбарымызға сәлем беріп, құрма дінгегінің боздап жылауы және Пайғамбарымыздың саусақтарынан су ағуы т.б. осы секілді жайттар шын мәніндегі мұғжизалықтың классикалық мысалдары болып табылады.
  3. Мұғжизаны елшілік қызметпен келген кісі ғана жасайды.
  4. Мұғжиза пайғамбарлық ұлы мақсатты жаю кезінде жүзеге асады.
  5. Мұғжиза пайғамбардың қалауына сай жүзеге асады. Мысалы, тасты сөйлетемін деп, ағашты сөйлетсе, ол мұғжиза болып саналмайды.
  6. Мұғжиза қарапайым пенде жасай алмайтын оқиға.

Мұғжизаға нені жатқызамыз:

  1. Пайғамбарымыздың айды екіге бөлгендігі
  2. Иса Пайғамбардың өлген адамды тірілтуі
  3. Жүніс Пайғамбардың балықтың ішінде болғандығы
  4. Ибрахим Пайғамбардың оттың ішінде жанбауы сынды дәлелдерді негізге алуымызға болады.

Таңғажайып құбылыс үшке бөлінеді

  1. «Мұғжиза» пайғамбарларға ғана берілетін құбылыс. Мысалы, Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айды екіге бөлгендігі жатады.
  2. «Керемет» – әулиелерге берілетін құбылыс. Мысалы, ел ішінде «Кезінде аталарымыз әулие болған. Құран оқығанда суды теріс ағызған», - деген сөздерді естіп қаламыз. Алайда, ғұламаларымыз: «Нағыз керемет ұшып қону емес немесе судың үстімен жүру емес, нағыз керемет – тура жолда жүру», - деп жеткізген екен.
  3. «Истидраж» имансыздарға берілген құбылыс. Мысалы, шайтанның бір мезетте бір уақытта жылдам жүруі сиқты.

Пайғамбардың мұғжизасы сенімді хабарлармен жеткен болса, оған сену мұсылманға міндет болып табылады. Имам Тахауи: «Пайғамбарлардың мұғжизасы ақиқат, әулиелердің кереметі ақиқат», - деп айтқан екен.

Бердалиев Мұхит Ермаханұлы,

Жамбыл облысы, Байзақ аудандық

«Байзақ баба» мешітінің наиб имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: