Лудомания дертінен сақ болайық!

Лудомания дертінен сақ болайық!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Мамандардың айтуынша лудомания дегеніміз – ойын құмарлық. Лудо сөзі латынша ойнау ұғымын білдірсе, мания сөзі ескі грек тілінде ессіздік, құмарлық мағынасын білдіреді. Қазіргі таңда әр түрлі ойындарға бәс тігіп потологиялық дерт түріне айналған ойын құмарлықты лудомания, игромания, гэмблинг деп атайды.Бұл дегеніміз азарттық ойындарға бейім болу ауру түрі, осындай халге түскен адам азарттық ойындарға бірнеше мәрте салынып тәуелді күйге түседі. Ал бұндай жағдайға тап болған адам үшін отбасылық, әлеуметтік, кәсіби және материалдық құндылықтар төмендейді. Ондай адам аталмыш құндылықтарға немқұрайлы қарап, жауапкершілігі төмендей түседі.  Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертке азарттық ойынға тәуелді болу потологиялық құмарлық деген атау берген.

Соңғы уақыттар ақша салатын ойын автоматтары, көптеген казинолар мен букмекерлік конторалардың ашылуы құмарлық дертіне шалдыққандардың санын арттыруда. Ал бұл өз кезегінде айрандай ұйып отырған отбасының шырқын бұзып, кәсібін оңынан жүргізіп жатқан азаматтың құрдымға ұшырауына әкеп соғып жатқанын көзіміз көріп, құлағымыз естіп жүр. Мәжіліс депутаты Руслан Берденовтың айтуынша құмар ойынға тәуелділердің саны 300 мың деген мәлімет ескірген. Оның есебі бойынша қазіргі таңда еліміз бойынша кемінде бір миллион ойыншылар бар немесе күніне 100 мыңдаған адам құмар ойынына бәс тігіп жатыр,-дейді. Мәселе өте күрделі әрі қоғам үшін үлкен қауіп болып табылады. Себебі құмарлыққа бой алдырған адам өзіне, айналасына зиян тигізеді. Бұл қоғам дерті болып табылады.

Асыл дініміз Ислам жеке тұлғаның жан-жақты дамып, кәсібінің өрге басуын қалайды һәм соған зиян тигізетін жолдардан сақтандырады. Жоғарыда айтылған дертке қатысты шариғат не дейді? Шариғатта барлық құмар ойын түріне тыйым салынған. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрімде «Уа, иман келтіргендер! Арақ-шарап, құмар һәм өзге де ұтыс ойындары, табыну үшін орнатылған пұттар және жебелермен бал ашу – шайтанға ғана тән лас істер. Ендеше, мақсат-мұраттарыңа жету үшін бұлардан аулақ болыңдар».(Мәйда сүресі 90-аят). Бәс тігіп ойын ойнаудың барлығы құмар болып табылады. Жоғарыда айтылған аятта құмарды шайтанның амалына жатқызып, лас деп атауы оның харам екенін білдіреді. Тіпті жай ғана жолдасыңды құмарға шақырғанның өзі күнә болып, одан тазару үшін садақа беру керектігі айтылады. Ол жайында Алла елшісі (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Кім жолдасына кел құмар ойнайық десе, садақа берсін». (Бухари, Муслим жеткізген). Қазіргі таңда көріп отырғанымыздай бұл дерт қоғамда кең етек алып үлкен зиян тигізіп отыр. Осы тұрғыда шариғатымыздың не үшін тыйым салғанын аңғару қиын емес. Себебі шариғат адам баласына пайдалы іспен шұғылдануды үндейді. Құмар ойынында айла, алдап-арбау, біреудің ақысын жеу, ысырап, уақытын бос іспен өткізу сынды дұрыс емес істер көп кезігеді. Сол үшін тағы бір аятта: «Олар сенен шарап пен құмар ойындарының үкімін сұрайды. Оларға: «Екеуінде де үлкен күнә бар», – деп айт», – деген («Бақара» сүресі, 219-аят).

Лудомания дертіне шалдыққан адамдардың көбінде өз-өзіне қол салу, отбасылық жанжалдар, ағайын арасындағы кикілжің сынды проблемалар жиі болып жатқанын мамандар айтып дабыл қағуда. Себебі бұл психикалық ауытқу болып табылады. Қасиетті кітабымыз Құран Кәрім осының алдын алуымыз үшін былай ескертеді: «Расында шайтан арақ-шарап һәм құмар ойындары арқылы араларыңа дұшпандық пен өшпенділік отын жағуды, сендерді Алланы еске алудан һәм намаздан бөгеуді қалайды. Ал сонда да тыйылмайсыңдар ма?». (Маида сүресі 94-аят). Жүрегінде иманы бар адам Алла Тағала Өзінің қасиетті кітабында бізге анық-ашық ескертіп жатқан кезде бірден тыйылуы міндет болмақ. Сондықтан бұндай ойын түрлеріне заң арқылы тыйым салу керек. Бәлкім бұл ойындарды ұйымдастырып жүрген ұйымдар немесе мекемелер мемлекетке салық төлеу арқылы пайда беріп жатыр деп айтарсыз?! Алайда алдымызда жеке адамның өміріне, отбасы амандығына қауіп қатер төніп тұрғанда аталмыш салық пайдалы болмайды. Бір пайда арқылы келесі бір зиян келетін болса, пайданы тоқтатып, зиянды жою қажет болады. Бұл шариғатымыздың көрсеткен жолы. 

Жоғарыда бұл дерттің психологиялық ауытқу екенін айтқан едік. Психикалық сауықтыру орталығының сайтында лудомания дертіне тәуелді болу сатыларына қатысты мынандай мәліметтер берілген: 

Лудоманияның даму сатылары

Лудоманиядамуының 3 сатысы  белгілі (Custer, 1984):

1.    Ұтыс сатысы – әлеуметтікгемблинг,

2.    Ұтылу сатысы – қарқынды  гемблинг,

3.    Түңілу сатысы – проблемалы  гемблинг.

Ұтыс сатысы келесі белгілермен сипатталады: кездейсоқ ойын, жиі ұтыстар, елестету ойынға ілеседі және алдында жүреді,  ойын ойнаудың жиіленетін оқиғалары, более частые случаи игры, ұтыс өлшемінің үлкеюі, ойынжөніндеқиялдау, өтеіріұтыс, себепсіз оптимизм.

Ұтылу сатысы: жалғыз ойнау, ұтыспен мақтану, тек ойын туралы ойлау, ұтылу эпизодтарының ұзаруы, ойынды тоқтатуға қабілетсіз болу,  жолдастарынан проблеманы жасыру, өтірік айту, отбасы мен жұбайының қамын ойламау, ойын пайдасына жұмыс  уақытын қысқарту, қарызын төлеуден бас тарту, тұлғаның өзгеруі— ашушаңдық, тез шаршау, араласпаушылық, үйдегі ауыр эмоционалдық ахуал, ойын үшін қарыздану, заңды және заңсыз тәсілмен жасалған өте көп мөлшердегі қарыз, қарызды төлей алмау, ойнауды тоқтатам деген жанкешті талпыну.

Түңілу сатысы белгілері: кәсіби және жеке абыройынан айырылу, ойынға жұмсалатын уақыттың айтарлықтай ұзаруы, ұтысқа тігілетін сома мөлшерінің үлкеюі, отбасы мен достарынан алыстау, ар-ұяты мазалау, басқаларға деген жек көру сезімі, өкіну, үрейлену, заңсыз әрекеттер, сенімсіздік, суицидалды ой мен талпыныстар, ажырасу, қамау, алкогольді шамадан тыс тұтыну, эмоционалды бұзылу.

Сондықтан жалпы алғанда мұсылман адам осы өмірін мәнді өткізуі үшін бес нәрсенің қадірін білу керек. Алла елшісі Мұхаммед (Оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Бес нәрсе келмей тұрып, бес нәрсені бағала: кәрілік жетпей тұрып жастықшақтың қадірін, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін, кедейлікке ұшырамай тұрып байлықтың қадірін, жұмысбасты болмай тұрып бос уақыттың қадірін, ажал келмей тұрып өмірдің қадірін біл!» – деген (имам Хаким). Бұл хадисте әрбір кезеңді, әр уақытыңды пайдалы һәм адал іспен өткізу қажеттілігін ескертіп жатыр. Олай болса аталмыш дертке шалдықпас үшін құмар ойыннан өзімізді аулақ ұстап, жастарға оның зиянын ашықтап баяндау қажет. Бұл әрбір ата-ананың, мектептің, әкімшіліктің аса үлкен мән беріп тәрбиелік жұмыс жүргізуді қажет ететін мәселе болып табылады. Егер де осы дертке шалдыққан жандар болса, психикалық сауықтыру орталығының мына бір мәліметін ұсынамыз:

Ойынқұмарлықты емдеу

Лудоманияны емдеу қажеттілігі кемінде 3 себеппен шартталады:
• Лудоманияға шалдыққан науқастардың отбасы бұзылуы және қаржылық қиындықтар.
• Құқыққа қайшы әрекеттердің таралуы-лудоманияға шалдыққан науқастардың  60% құқық бұзады.
• Жоғары суицид қауіп-қатері – лудоманияға шалдыққан науқастардың  13- тен 40% -ға дейін науқас өзіне-өзі қол жұмсайды,   32-70% -да суицид жайлы ой келеді.

Емдеудің бірінші кезеңі– ойын құмарлықтың қалыптасу себептеріне диагностика, сонымен қатар ауыртпалықты бұзылушылықтарды, жеке алғанда, депрессияны жоққа шығару.  Жасырын депрессия анықталғанжағдайда оны дәрілікемдеуқажет.

Емдеудің екінші кезеңі (психотерапия) – психологиялық түзету, ол жеке және арнайы жаттықтыру топтарында жүргізіледі. Психологиялық көмек  жақын-жуық адамдармен өзара қатынасу, өзін өзі реттеу мен қиыншылықтармен күресуге үйрету, жігер қасиеттерін тәрбиелеу, өзіне берілетін бағаны жоғарылату, жаңа өмірлік әуесқойлықтардың қалыптасуға бағытталған.

Лудомания (ойынқұмарлық) кезінде психотерапия міндеті:

•науқастың «ойын трансы» күйінен шынайы өмірге қайтуы;

•ойынқұмарлығына шалдыққан науқастың бастапқы өмірлік құндылықтарға оралуы  (отбасы, махаббат, құрбы-құрдастар);

•ойынға құмар науқасты  өзін билеуге (өз сезімі, ойын) ойнауға деген құмарлыққа қарсы тұруға үйрету. 

Ойынқұмарлығы отбасындағы қарым-қатынасқа әсер етеді, сондықтан емдеу кезінде ойынға құмар науқасты емдеумен бірге оның туысқандарына психотерапиялық көмек көрсетіледі.

Алла Тағала елімізді әсіресе жастарымызды сан-түрлі дерттерден, адасушылықтан сақтап, тура жолынан ажырамай ата-бабамыз ұстанған хақ дініміз Исламнан ажырамауын тілейміз. Дініміз осы өмірдің мән-мағынасын ұғынып, мәнді де, сәнді өмір сүруді үйретеді. Кешегі алаштықтардың бірі, оян қазақ деп жырлаған Міржақып Дулатұлы бір сөзінде:

Әуелі үйренетін бір ғылымың,

Өзіңнің мұсылманша дін ғылымың.

Исламның шарттарын кәміл білсең,

Ақыреттік азық берер шын ғылымың. – деп жырлап, әуелі дініңді үйрену қажеттілігін ескерткен. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз берік болсын!

 Серікхан қажы Баймаханұлы

Меркі ауданы, Екпінді ауылы «Рахымбай ата» мешітінің имамы 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: