Обал - жай ғана қарапайым айтуға еш қиындық тудырмайтын өте жеңіл сөз. Ал осы сөздің атқаратын маңызы үлкен міндеттерін көптің көбісі, әсіресе тап қазіргі жастар жағы біле бермейді. Бұл сөздің маңызын жастар білмеді деп оларды түгел бір келкі кінәлауға болмайды. Олай дейтінім жастар алдындағы көшбасшы алдыңғы буын ағалар.
Қазіргі жастардың көшбасшы немесе жол басшы ағалары кім? Олар өткен ғасырдың кеңес үкіметінің, кеңес қоғамының, жаратушыға қасқайып қарсы тұрған, қылышынан қан тамған, қып-қызыл империяны тәрбиелеген ұрпақтары еді. Жалпы обал сөзі тек мұсылман түсінігіне тән, мұсылман үшін ең қажетті сөз дер едім. Қажеті жоқ сөз десем, ешбір қателеспеген едім. Сондықтан қазіргі орта буын көшбасшы ағаларды да түгел кінәлауға болмайды. Сонымен обал сөзі нендей ұғым, ол адам санасына не үшін керек және оны қалай ұғынып түсіну керек? Шамам келгенше осыны талдап, жіктеп көрейін. Жаратушыны мойындап тану мұсылман үшін парыз болып есептелетініне, ол өлгеннен кейін қайта тірілетініне әрбір мұсылманның инедей күмәні болмауы керек. Мұсылман үшін адал да саналы, ешбір кінәсіз өмір сүру үшін керегі ол сенің - Иманың. Ал мұсылман адам Алла берген үкімге күмәнмен қарайтын болса, ол иманын әлсірете бастайды. Сол үшін қазақта «күмән иманнан айырады» деген жақсы сөз бар. Сондықтан, сені топырақтан жаратқан Ием, сені қайта тірілуіне ешбір күмәніміз болмауы керек. Сонымен әр адам өлген соң, тіріліп құдай алдына барған соң, бұл дүниедегі жақсылы-жаманды істеріміз үшін жауапқа алынамыз. Неғұрлым жақсы, сауапты істеріміз көп болса, жанымыз жаннаттан орын алады. Ал, бұған керісінше сауапты, жақсы істеріміз аз болса, яғни, Алланың істеме дегендерін істеп, кінәлі болсақ онда, жанымыздың барар жері тозақ оты. Енді осы сауапты жақсы істерді көп жинау үшін не істеу керек. Міне бұл сұрақтардың жауабының бірі жоғарыдағы айтылған обал болса керек. «Обал» ұғымы жақсы нәрсенің қадірін білу, оны тастамау, түбінде оның зарын тарту дегенді білдіреді.
Бұл – қоршаған ортаға зиян келтіруге, жамандық жасауға, жанды нәрселерді жәбірлеуге, жансыз нәрселерді бүлдіруге болмайды деген сөз. Біреуге қиянат жасау да – обал. Қазақтың айтулы билерінің бірі Малайсарының: «Үш сөз бар, соны ұмытпай жүрсең, халқың соңыңнан қалмас. Ұмытсаң, артыңа ермес. Ол үш сөз: ұят, борыш, обал!» деген насихат сөзі бар. Қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріндегі ұғым-нормалар ислам құндылықтарымен тығыз байланыста дамығандығы, әдептілікке негізделген адамгершілік-имандылық, ар-ұят қасиеттерінің ислам дінінен бастау алғандығы белгілі. «Обал» сөзінің ислам шариғатындағы мағынасы «артында өте ауыр азабы бар іс-әрекет, күнә, қылмыс, азғындық» деп түсіндіріледі. Құранда: «Олар жасаған істерінің обалын тартады» деген аят бар («Хашыр» сүресі, 15-аят). Бұл аятты мұсылман ғалымдары «Адамдар жасаған күнәлі істерінің жазасын бұл дүниеде де, ақиретте де тартады» деп түсіндірген. Бұрынғы кезде үлкендер «обал-ай!», «обал-дағыай!» деген сөздерді көп қолданған. Сонымен қатар, обал ұғымы ысырап ұғымымен мәндес болып келеді. Өйткені, асты аяқасты ету немесе оны ысырап ету де обалға жатады. Тамақты босқа ысырап ету, соны жасау үшін төгілген терді, қажырлы еңбекті бағаламау деген сөз. Ысырап «бейберекет шашу» деген мағынаны білдіреді. Обал арқылы әрбір заттың, әрбір істің, әрбір адамның қадір-қасиетін білеміз. Әрбір зат, әрбір іс адамның еңбегімен келетіні рас. Адам өмірде өзгеге жасаған игілікті ісі мен адал еңбегі арқылы бағаланады. Қазіргі уақытта барлық зат техника күшімен автоматтандырылған жүйеде істелініп жатса да, онда да адамның еңбегі бар. Себебі, сол автоматты ойлап тапқан адам. Сонымен сіз үй тіршілігіндегі жұмыстар үшін базардан бір бума қара сым сатып алдыңыз делік. Тіршілігіңе жаратып болған соң сөз жоқ, одан қиындылар қалаты рас. Енді осы қиындының ұзындығы бір қарыс болса, оны тағы да бір кәдеге жарату үшін алып қоясыз. Ол да сенің адам еңбегін бағалағаның болып есептеліп, бір қарыс сымның қасиетін білгенің болып есептеледі. Сонда бір қарыс сым не үшін керек? Бірде қапты жемге толтырып болған соң, қаптың аузын әлгі бір қарыс сыммен буып, байлайсың. Ал енді манағы қарыстай ұзын сымдардың керегі жоқ деп лақтырып тастасаң, онда сен заттың, он жасаған адамның қадір-қасиетін білмеген болып шығасың. Егер осы бір қарыс сым бойында, өтелмеген адам еңбегі бар деп, адам еңбегін бағалай білсең, онда сен заттың да, еңбегінде, осы еңбегі үшін төккен адам күші мен еңбектерін де бағалаған болып есептелесің. Сонымен обал дегеніміз - әрбір заттың қадір-қасиетін білу екен. Қазіргі заман тоқшылық, не ішемін, не киемін демейтін заман. Мұндай заманда туып-өскен жастың дүниенің қадір-қасиетін білмейтіні рас. Оларды білмеді деп кінәлауға да болмайды, оған себеп, аға-буын, ата-ана тәрбиесінің әлсіздігі. Айталық, балаңыз мектепте оқиды. Балаңыз оқып жүрген кітабын, оқулығын күтіп ұстамағаны үшін ұстазы ұрысады. Оған мына оқулықтың қадірқасиетін білмедің, сен олай істеме, бетін ретсіз бүктеме, сызба, жыртпа. Ертең келесі сыныпқа өткен соң, сенен кейінгі оқушылар пайдаланады деп талап қоя бастаса, әлгі бала үйіне жылап немесе ренжіп барады. «Не болды» деген анасына баласы мектептегі ұстазының ескертпелерін айтып, көптің көзінше ұрысқанын айтады. Бұны естіген анасы алып-ұшып мектепке жетіп келіп «Менің балама нең бар еді ұрысып, балам содан тамақ ішпей, түнімен ұйықтаған жоқ» деп, әлгі апайдың жер-жебіріне жетеді. Міне, баланы нағыз теріс жолға салатын тәрбие осы. Ал, керісінше баласының айтқан сөзін тыңдаған соң ата-анасы «иә балам мұғалімің дұрыс айтады, сен солай істе, солай істеуге тиіссің» деп жатса, онда ол оң тәрбие болатыны сөзсіз. Бірде теледидардан егде тартқан ардагер ұстаз ананың «бүгінде тәрбие балаға емес, оның атаанасына қажет» деп қинала сөйлеп тұрғанын естіп едім. Шындығында қазіргі жастар тәрбиесіне өзіміз кінәліміз. Алланың барлығын, оның бірлігін, яғни серіксіз екендігін, оның жер бетіне жіберген пайғамбарларын, Құран кітап Алланың сөзі екендігін жан-тәнімен мойындаған адам нағыз мұсылман болып саналады. Енді осы жарық дүниеде өмір сүретін әрбір мұсылманның міндеті не? Бұл міндеттің бастысы, әрбір істің, дүниенің, адамның, малдың қадір-қасиетін шын жүрегімен сезініп білу – әрбір істің адамға тигізетін пайдасын білу, зиянын білу. Осы істің пайдасын білу арқылы оның обалын білесің, сол обал болатын жағымсыз іс істемеу арқылы сауап табасың. Бұл дүниеде істеген сауабың көп болса, ол о дүниедегі жаныңның қорғаны екенін ұмытпау керек. Ендеше, әрбір заттың обалы болатынын түсініп, жақсы игі істерге ұмтылу - баршамыздың міндетіміз. Өскелең ұрпаққа обал-сауаптың не екенін ұғындырып, жақсы істерге жұмылдыра білейік.
Сейітқазы қажы МЕДЕТБЕКОВ,
«Жуалы» көпшілік мешітінің имамы.
Ауданның Құрметті азаматы, аудандық билер кеңесінің мүшесі