Пайғамбар медицинасы дегеніміз – аурулардың алдын алуға және емделуге қатысты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннетімен жеткен емделу түрлері. Алла елшісінің сүннетінен өзін таза ұстау, тазалану, дәрі-дәрмек қолдану бойынша көптеген нұсқауларды табуға болады. Мұның бәрі Пайғамбар медицинасы болып есептеледі.
Дініміз адам баласына жан саулығымен қатар тән саулығына да мән беруге әрі ауырған жағдайда дертінің емін, шипасын іздеуге шақырады. Бір бәдәуи Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Алланың елшісі! Науқастансақ емделейік пе?» – деп сұраған кезде ол: «Ауырсаңдар, емделіңдер! Кәріліктен басқа барлық аурудың емі бар», – деп емделу керектігін айтқан. Бұл хадис қандай ауру болсын, оның емі бар екеніне дәлел. Сол себепті мұсылман адам ауырып қалған жағдайда шипасын Алладан сұрап, оның себебін жасап, емделуі тиіс. Ендеше тән саулығына байланысты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кеңес еткен кейбір емделу түрін біле жүрейік.
Қан алдыру (хижама). Хижама дегеніміз – сору арқылы ағзада тұрып қалған қаннан құтылу тәсілі. Бұл әдіс ағзадағы дерттің жазылуына әсер етеді. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі де қан алдыру арқылы емделіп, мұны басқаларға да кеңес еткен. Хижамаға байланысты көп хадистер келген. Соның кейбіріне тоқталсақ: «Расында сендер қолданатын емнің ең абзалы – қан алдыру», – деген. Тағы бір хадисте: «Үш нәрседе шипа бар: бал ішуде, хижама жасатуда және отпен күйдіруде. Алайда үмбетімді отпен күйдіруден тиямын», – деген. Хижама көптеген ауруға ем. Ол ағзадағы қан айналымын жақсартады. Жүрек-қан тамырлары ауруларына, артрит, бас ауруы, қан қысымы жоғарылауы, буын аурулары, жүйке жүйесінің бұзылуы, остехондроз, гинекологиялық аурулар секілді дерт түрлеріне хижаманың тигізер пайдасы көп.
Бал пайдалану. Балда шипа бар екені қасиетті Құранда айтылған. Алла Тағала Құранда: «Олардың (аралардың) ішінен алуан түрлі сусын (бал) шығады. Онда (балда) адамдар үшін шипа бар. Расында, мұнда ойланған адамдар үшін бір белгі бар», – деген («Нахыл» сүресі, 69-аят).
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) да балды жегенді жақсы көрген. Бал көптеген ауруға ем. Соның ішінде асқазан ауруларына. Бал тез қорытылады әрі ас қорытуды жақсартады.
Сүрме. Сүрме көздің көруін жақсартады әрі кірпікті өсіреді. Абдулла бин Аббастан (Алла одан разы болсын) жеткен хадисте: «Сүрменің ең жақсысы – исмид. Ол көздің көруін жақсартады әрі кірпікті өсіреді», – деген. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) егер көзіне сүрме жақса, оң көзінен бастап оған үш мәрте, сол көзіне екі мәрте сүрме жағатын. Сондай-ақ сүрме көздің қызаруын, қан тамырларын қалпына келтіреді әрі көзді тазартып, емдейді.
Қара зере. Қара зеренің емдік қасиеті мол. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде қара зере жайлы көп айтылған. Алла елшісі: «Қара зере өлімнен басқа дерттің бәріне шипа», – деген. Хадисте айтылғандай, қара зере өлімнен басқа барлық ауруға ем болады. Мысалы, іштегі құрттарды жояды. Сонымен қатар қант диабеті, жөтел, қатерлі ісікке ем болады. Оны ағзаны улы заттардан тазартуға, иммунитетті күшейтуге де пайдаланады.
Қист әл-һинди. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадистерінде айтылған емдік өсімдіктің бірі – қист әл-һинди. Хадисте: «Үнді ағашын (қист әл-һиндиді) қолданыңдар. Онда жеті түрлі (дертке) шипа бар. Мұрынға тамызу арқылы тамақ ауруын, ауызға салу арқылы өкпе қабынуын емдеуге болады», – делінген. Хадисте қист әл-һиндидің жеті түрлі дерттің емі айтылған. Тәжірибе барысында оның бірнеше ауруға дауа болатыны анықталған. Мысалы, несепті жүргізеді, ішектегі құрттарды жояды. Сонымен қатар оны жөтелді басуға, иммунитетті көтеруге, денедегі дақтарды кетіруге пайдаланады. Асқазан және бауыр ауруларына да ем болады.
Сарымсақ және пияз. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Әлиге (Алла оған разы болсын) сарымсақ жеуге кеңес берген. Алла елшісінің сарымсақ жеуге қатысты көптеген кеңесі бар. Сарымсақтың түрлі аурудың алдын алатынын айтқан болатын. Алайда Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мұсылмандарды мешітке барар алдында сарымсақ, пияз жеуден тыйған. Сарымсақтың денсаулыққа көптеген пайдасы бар. Сарымсақ қанды тазалайды, иммунитетті нығайтады, ағзадағы бактерияларды өлтіреді. Сондай-ақ қақырықты түсіреді, қан тамырларын қалыпқа келтіреді, теріге шыққан жараларға да ем болады.
Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өсиет еткен біздің денсаулыққа пайдасын тигізетін өсімдіктер мен жеміс түрлері өте көп. Алла Тағала денімізді сау етіп, ауырмай тұрып денсаулықтың қадірін білетін пенделер қатарынан еткей!
Медет ҚҰРМАШҰЛЫ
«Иман» журналы, №10, 2023 жыл