«Расында Алла Пайғамбарға үнемі шексіз нығметі мен рақымын төгіп, күннен күнге мерейін өсіруде. Ал Оның періштелері болса, ол үшін үнемі игі тілек тілеп, дұға етуде. Уа, момындар! Сендер де оған шын жүректен салауат айтып, құрметпен сәлем жолдаңдар!» («Ахзап» сүресі, 56-аят). Демек, Өзінің сүйікті құлына Алла Тағала періштелерімен бірге салауат айтады және де «иман келтіргендер сендер де салауат айтып сәлем жолдаңдар» деп момын мұсылмандарға бұйырған. Мәуліт кештерінің ең негізгі мақсаты - Алла елшісіне (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) салауаттар айту екенін ескеретін болсақ, осы кешке қатысқан адамдар Жаратушының әмірін орындап, сауап табады екен.
Екіншіден мәуліт өткізгенде пайғамбардың (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінен өнегелі оқиғалар айтылып, ол кісінің көркем мінез құлқы насихатталады. Ол кісінің қара қылды қақ жарған әділдігі, тек қана адамдарға ғана емес, барша жаратылысқа деген мейірімділігі, жомарттығы, сабырлылығы осындай керемет адами қасиеттері насихатталатынын ескерсек, қоғамымызға деген тәрбиелік мәнінің зор екенін байқаймыз.
«Сендерге өз араларыңнан хақ пайғамбар келді. Оның сендерге жанашырлығы соншалық , тіпті болмашы бір қиындыққа тап болғандарыңның өзі оған өте ауыр тиіп, жанына қатты батады. Ол сендерге тым ынтық, өте ынтызар (сендер үшін қатты қорқады, сендерді ойлап көп уайым жейді). Ол момындарға сондай жанашыр өте мейірімді» («Тәубе» сүресі, 128-аят). Хақ Тағала осы аятта елшісінің (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмметіне қаншалықты жанашыр екенін, олар үшін қатты уайымдайтынын айтып тұр. Олай болса әрине, бізді соншалықты жақсы көрген пайғамбарымызды (ол кісіге Алланың салауаты мен сәлемі болсын) біз де жақсы көреміз. Ол кісінің махаббатына махаббатпен жауап беру үмметі үшін міндет десек дұрыс болар.
Қасиетті Мәуліт айына байланысты аудан орталығындағы «Толымбай тегі Зиябек» мешітінің аудан бас имамы Ғалымжан Қабылбекұлының басқаруымен бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен аптаның қасиетті жұма күні аудан орталығындағы «Қаракөз» мейрамханасының үлкен залында Мәуліт айының құрметіне ақ дастарқан жайылып, ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауаттар айтылды. Ізгіліктің мерекесіне «Жуалы», «Ән*Нұр» «Шақпақата» мешіттерінің имамдары қатысты. Онда Б.Момышұлы ауылының, Қайрат, Диқан және ауылдарының мешіттерінен шақырылған жамағатқа ас берілді.
Дастарқанның басында асыл дінімізге және ардақты Пайғамбарымызға қатысты өнегелі әңгімелер, уағыз және салауаттар айтылды.
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі.