Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің әйел ұстазы Жанат Көшербаеваның ұйымдастыруымен «Сағындым сені, иә Расулаллаһ» атты рухани мәуліт кеші өтті.
Рухани кешті «Ан-Нағим» мешітінің ұстазы Айнур Мұсабекова жүргізді. Шара барысында «Байзақ баба» мешітінің наиб имамы Бақытбек Бауыржанұлы Құран аяттарын оқып, рухани кештің маңыздылығына тоқталды.
Бақытбек Бауыржанұлы насихатында: Барша мұсылмандардың асыға күткен қасиетті Мәуліт мейрамы тойлануда. Адамзат әбден азғындап, имансыздықтың қараңғылығына оранған сол бір кезеңде Жаратқан Жаббар Иеміз өзі сүйіп жаратқан адам баласына соңғы елшісін жіберді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүние есігін айқара ашқан «Рәбиул-әууәл» – көктем айларының алғашқысы, қайта жаңарудың белгісі болған ай еді», - деп, аталмыш мерекенің мән-мағынасы, оны атап өтудің түп төркіні жайында қысқаша түсінік беріп өтті.
Рухани кеш барысында Пайғамбарымызға арналған бірнеше бейнебаян көрсетілді. Атап айтар болсақ:
- Біләл (оларға Алла разы болсын) азаны;
- Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сағыныш хаты бейне баяндары жиналған жұрт назарына ұсынылды.
Шара барысында Ажар Абдуғаппарованың орындауында иләһи әндер айтылып, Жамбыл облысы бойынша әйел-қыздар секторының меңгерушісі Иманалиева Жазира кешке жиналған нәзік жандыларды құттықтап, «Салауат айтудың маңыздылығы» тақырыбында насихатын айтты.
Рухани кешке келген нәзік жандылар арасында сұрақтар қойылып, жауап бергендерге мәуліттен сый-сыяпат берілді. Осындай рухани кешті ұйымдастырған Көшербаева Жанат ұстазға жиналған көпшілік алғысын білдірді.