#БАЙЗАҚ: ТАРАЗДЫҚ ҒАЛЫМДАР ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

#БАЙЗАҚ: ТАРАЗДЫҚ ҒАЛЫМДАР ТУРАЛЫ КІТАПТЫҢ ТҰСАУЫ КЕСІЛДІ

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Бүгін Жамбыл облысы Тараз қаласы М.Х.Дулаты атындағы университетте академик, шейх Әбсаттар Дербісәлінің құрметіне арналған «Бабалар аманатын арқалаған ғалым» атты тағылымды жиын ұйымдастырылды. Әбсаттар қажының «Әбу Насыр әл-Фараби шетел мен Қазақстан ғалымдарының зерттеулерінде», «Араб, парсы деректеріндегі Тараз және Таразилер  (X-XXғ)» және «Забытые мыслители Великой степи IX-XX вв» атты жаңа үш кітабының тұсау кесер рәсімі өтті.

Филология ғылымдарының докторы, академик, Шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі – Ислам әдебиеті мен мәдениетін терең таныған ғалым, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 13 жыл төрағасы қызметін атқарған, ел сыйлаған тау тұлға еді.

Бүгін қажының көзін көрген игі-жақсылар мен отбасы, облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы және Байзақ ауданының бас имамы Қанат Жұмағұл бастаған  қала, аудан имам-молдалары  бір ортаға тоғысып, көзі тірісінде жазған құнды еңбектерінің жинақталған, сиясы кеппеген кітаптарының тұсаукесеріне куә болды.

Жиында сөз бастаған университет проректоры Тұрлыбек Аслан Еділханұлы Әбсаттар қажы Дербісәлінің ерен еңбектері, дипломатиялық қабілеті мен ұстаз ретінде шәкірттер алдындағы сыйы жөнінде кеңінен баяндады.

«Өздеріңіз білетіндей Әбсаттар қажы Дербісәлі ғалым, дипломат, Қазақстан Республикасының Бас мүфтиі қызметін атқарған болатын. Осы жолда үлкен жұмыстар жасады. Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізген кезде дәстүрлі ислам түсінігі мен практикасының қайта қалыптасуы жолында ізденісі мен ғылыми еңбектерінің қосқан үлесі зор», - деді.

Сондай-ақ Қайрат Жолдыбайұлы Әбсаттар қажының мемлекеттік қызметтегі өр мінезі, қазақ тілінің жанашыры ретінде жасаған еңбектері мен дипломатиялық шешімдерінің түпкі даналығы жөнінде оқиғалармен бөлісті.

Ал, Қазақстан қажылар қауымдастығының басшысы Еркін Дуанаев Әбсаттар Дербісәлінің ерекше арманын айтып өтті.

Жиын соңында Әбсаттар қажының жұбайы, Алматы қаласындағы «Академик, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі» жеке Қорның құрылтайшысы, ҚР дипломатия қызметінің еңбегі сіңген қызметкері, еңбек ардагері Рафия Дербисәлиева алыс-жақыннан келген барша қауымға алғысын білдірді. Шараны өткізуге үлес қосқан университет проректоры Тұрлыбек Аслан Еділханұлы мен оқу орда ұжымы мен облыс бас имамы Бейбіт Әліпбекұлына ризашылығын жеткізді.

Осылайша рухани кеште Әбсаттар қажы Дербісәлінің жылдар бойы жасаған еңбектері мен көркем мінезі, өз нәтижесін берген игі істері толассыз айтылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиылған қонақтар мен студент жастар қоғам қайраткері болған, дін мен ұлт жанашырының өмір тарихымен қоса, еңбек жолымен тереңінен танысты.

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: