Екі дүниенің сардары, ардақты Мұхаммед Пайғамбардың (с.а.у) туылған күніне орайластырылып өткізілетін Мәуліт айында халық арасында Пайғамбарымызды (с.а.у.) дәріптеп, оған салауаттар айту ізгі дәстүрге айналған.
Пайғамбарымызға салауат айту дегеніміз – дұға, жарылқау тілеу, береке тілеу және ұлықтау деген мағыналарды білдіреді.
Қасиетті Мәуліт айына байланысты аудан орталығындағы «Жуалы» көпшілік мешітінде де бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Өткен аптаның қасиетті жұма күні аудан орталығындағы «Несібелі» мейрамханасының үлкен залында Мәуліт айының құрметіне ақ дастарқан жайылып, ардақты Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауаттар айтылды. Ізгіліктің мерекесіне ауданның бас имамы Ғалымжан Қонақбаев, «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы Сейітқазы қажы Медетбеков қатысты. Онда Б.Момышұлы ауылының, Қайрат, Диқан және Қарасаз ауылдарының мешіттерінен шақырылған жамағатқа ас берілді.
Дастарқанның басында асыл дінімізге және ардақты Пайғамбарымызға қатысты өнегелі әңгімелер, уағыз және салауаттар айтылды.
Пайғамбарымыздың дүниеге келуі – мұсылмандар үшін зор қуаныш және Ұлы Жаратушы Иеміздің құлдарына жасаған ұлы жақсылығы. Ал қуанышты бөлісудің оны белгілі жүйемен көрсетудің, Алла Тағаланың жақсылығы мен нығыметін шүкір мақсатында жария етудің дінімізде негізі мен дәлелі жеткілікті.
Ардақты Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өмірі әдепте, мәміледе, ер жүректікте, мәрттікте, жомарттықта, жолдастықта, отбасылық өмірде, басшылықта асыл қасиеттердің асқақ үлгісіне толы. Сондықтан Пайғамбарымыз (с.а.у.) дүние салғанына он төрт ғасырдан асса-дағы, ол барша мұсылмандардың жүрегінде мәңгі жасай бермек.
Мәуліт мерекесі барша шаңыраққа береке-бірлік, елімізге рухани қуаныш сыйласын!
Жуалы аудандық мешітінің баспасөз қызметі