Байзақ ауданы Талас ауылдық «Ан-Нағим» мешітінде көшпелі айлық уағыз дастарханы жайылды. Көшпелі айлық дастарханы ауыл имам-молдаларын жамағатқа таныстырып, өзге ауылдардағы жамағаттардың бір-біріне деген мейір-махаббатын ояту мақсатында жайылып жүр.
Шарада ауданның бас имамы Қанат Әділханұлы: «Қолда бар алтынның қадірі жоқ» демекші, кез келген нәрсенің қәдіріне бармай оны сүю ақылға сыйымсыз. Пайғамбарды сүю хақында сөз қозғамас бұрын, алдымен оның діндегі функциясын ұғынып алған жөн шығар. Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсы) міндеттеріне Аллаға және басқа да Ислам негіздеріне иман келтіру, Жәбрейіл арқылы Алладан келген уахиды алып, оны адамзатқа жеткізу, халықты Ислам дініне шақыру, уахи арқылы келген Құранды түсіндіру, діннің үкімдерін әуелі өзі орындап, мұсылмандарға оны орындауды бұйыру және т.б. жатады. Сондай-ақ, ол Құранның жасырын қалған тұстарын ашады. Мәселен, Алла Тағала Құранның көптеген жерлерінде «…намаз оқыңдар…» деп біздерге намазды парыз етті. Сонымен қатар Құранда «…рукуғ етушілермен бірге рукуғ етіңдер…», «…Аллаға сәжде етіңдер…» деген сияқты аяттар болғанымен намазды бүтіндей түсіндіретін «ашық» аят жоқ. Бұл жағдайда біз хазрет Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсы) нақты хадистеріне жүгінеміз. Алланың елшісі көптеген хадистерінде намаздың қалай оқылатындығын айтқан, тіпті«Мен қалай намаз оқысам, сендер де солай намаз оқыңдар» (Бухари), –деп, іс жүзінде көрсетіп те берген», - деп «Пайғамбарды сүю» тақырыбында насихат айтты.