#Рысқұлов: Ажырасу - Алла сүймейтін іс

#Рысқұлов: Ажырасу - Алла сүймейтін іс

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тұрар Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы Сұлтаншәріп қажы Джадраевтың ұйымдастыруымен орталық мешітте «Ажырасу – Алла сүймейтін іс» тақырыбында кездесу өтті. Кездесуге жаңадан отбасы құрған жас жұбайлар қатысып, некенің маңыздылығын түсініп, ажырасудың апаттарынан хабардар болды.

Ауданның бас имамы кездесуде: «Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үмбетін үйленіп, көбеюге шақырып, былай деп өсиет айтқан: «Некелесу – менің сүннетім. Кімде-кім сүннетімнен бас тартса, менен емес. Үйленіңдер. Өйткені мен қиямет күні өзге үмбеттердің алдында сендердің көптіктеріңді мақтан етемін. Кімде-кім үйленуге шамасы жетсе, үйленсін. Үйленуге шамасы келмесе, ораза ұстасын. Өйткені ораза ол үшін қалқан болады» (имам Бұхари).

Отбасы – шағын мемлекет. Отбасы – сүйіспеншіліктің, құрмет пен ынтымақтастықтың мекені. Зиялы да ізгі қоғам жақсы отбасыдан құралады. «Отан отбасыдан басталады», «Отбасының сәні – сыйластық, достың сәні – қимастық», деген сөздердің астарында үлкен мән жатса керек. Екі жастың үйленуі үй болуға әкеледі. Үйлену – адамзат ұрпағының көбеюіне, жер бетінде сақталуына әкелетін табиғи құбылыс. Дініміз ислам әйел баласына үйленгеннен кейін ерінің аманатына жатқызады, оған құрметпен қарауды бұйырады.

Ал, ажырасудың (талақ) қоғамға тигізер зияны өте көп. Ол тек екі адамның сөзі жараспағаны үшін екі жаққа кету ғана емес, ортадағы ұрпақтың психологиясына, тәрбиесіне, тіпті болашағына зиян тигізу екенін ұмытпау керек. Осындай сәтті пайдаланған шайтан көңілін мұң басып, жарынан ажырасқан жанның жүрегін алдамшы нәрсемен басу үшін алдымен құмар-ойындарға қызықтырып, кейін арақ-шарап сынды неше түрлі масайрататын, ақылынан адастыратын күнәлі амалдарға итермелейді.

Мұндай істің ақыры қылмыспен аяқталу қаупі басым болады. Отбасы бұзылып, шаңырағы шайқалған адам осындай арсыз істерге баруы әбден мүмкін. Сондай-ақ отбасының бұзылмауына тек ер кісі ғана емес, бәлкім әйел адамның да, екеуінің бірдей жауапкершілігі тұру керек. Дана халқымыз: «Әйел – ерімен, диқан жерімен» – деп бекер айтпаған,- деп кеңінен баяндады.

Қуаныш  Тузелбеков

Рысқұлов аудандық мешіттің баспасөз қызметі

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: