Бүгін Жамбыл ауданына ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев арнайы іс-сапармен барып қайтты.
Жамағатқа жұма уағызын айтып, көпшілікті ауданның жаңа бас имамымен таныстырды. Өңірге бас имам болып Куттыбаев Даурен Нұржанұлы тағайындалды. Облыс бас имамы осы уақытқа дейін 18 жыл бойы бас имам қызметін атқарып келген Ғайырфулла Әмірбековтің ерең еңбегі үшін алғысын айтып, марапаттады. Жамағат Ғайырфулла имамға құрмет көрсетіп, ақсақалдар батасын берді. Айта кетейік, имам ауданда жасаған еңбегі үшін Жамбыл ауданының құрметті азаматы атағын алған болатын.
Көпшілік жаңа тағайындалған имамға сәттілік тілеп жылы қарсы алды. Облыстың діни көшбасшысы Бейбіт Әліпбекұлы маманның білім деңгейі мен еңбек жолын айтып өтті.
Дәурен Нұржанұлы бас мүфтидің бұйрығы бойынша Жамбыл облысы, Тараз қаласы, «Әбдіқадір» мешітінің имамы қызметінен ауыстырылып, Жамбыл облысы, Жамбыл аудандық «Бәйдібек» мешітіне бас имам болды. Куттыбаев Даурен Нұржанұлы Дін саласындағы еңбегімен жақсы жағынан танылған.
2001-2005 жылдар аралығында Шымкент қаласы, «Қазақ-Араб» университетінде білім алды. Ал 2014-2019 жылдар аралығында Атырау облысы, Мақат аудандық мешітінің бас имам қызметін атқарды. 2019-2020 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Қордай аудандық мешітінің бас имамы және «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының директор қызметін атқарған болатын.
2020-2021 жылдар аралығында Жамбыл облысы, Қордай аудандық мешітінің наиб имам және «Қордай» Құран қариларын дайындау орталығының ұстазы қызметін жасаса, 2021 жылдан бері Тараз қаласы, «Әбдіқадір» мешітінде имам қызметін атқарып келген.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі