Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы Жақаш ауылдық «Сухамбай» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізді.
Бас имам Қанат Әділханұлы насихатында: «Асыл дініміз Исламда мұсылман адамның білім алып, оған амал етуінің маңызы өте үлкен. Алла Тағала ардақты Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алғаш уахи етіп түсірген аяттарында: «Оқы! Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы! Ол адамды ұйыған қаннан жаратқан. Оқы! Раббың аса ардақты. Ол қаламмен (хат жазуды) үйретті. Адамға білмеген нәрселерді үйретті», – деп, оқуға бұйырған («Ғалақ» сүресі, 1-5-аяттар). Бұл аяттардан оқу, білім алу дініміздің ең басты талаптарының бірі екенін ұғынамыз. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірінің әрбір сәтінде сахабаларын оқып-білуге, білгенімен амал етіп, өзгелерді де үйретуге шақырған. Алла Елшісі (оған Алланың салауты мен сәлемі болсын): «Білімді талап ету – әрбір мұсылманға парыз», – деп, білім алудың әрбір ер және әйел мұсылманға міндет екенін айтқан, - деді.