Өңірімізге тәжірибе алмасу мақсатында келген Астанадағы «Әзірет сұлтан» мешітінің ұстазы Отаров Ілияс Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктал ауылдық «Әбу Бәкір Сыддық» мешітінде жұма жамағатына насихат айтты.
Отаров Ілияс: «Асыл дініміз Ислам адамзатты бейбітшілікке, татулық пен бірлікке, ғылым-білімге, өзара мейірімділікке насихаттайтын дін. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хужурат» сүресінің 13-аятында: «Сендерді Біз әуелде бір еркек, бір әйелден, бір ата, бір анадан өрбіттік. Өзара қарым-қатынас жасап, бір-бірлеріңді танысын деп түрлі ұлт пен ұлыстарға бөлдік. Алла Тағала алдындағы ең абыройлыларың – тақуа болғандарың. Шын мәнінде, Алла – барлық нәрсені толық білуші, барлығынан толық хабардар», – деп айтқан.
Қазақ даласына Ислам діні келгеннен бастап халқымыз осы уақытқа дейін имам Матуриди ақидасын, имам Ағзам Әбу Ханифа мәзһабын ұстанып келді. Бұл олардың бірлікте болуына, адасып, түрлі жат ағымның жетегінде кетпеуіне басты себеп болды. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын әркез бірлікке үндеп, жік-жікке бөлініп, дұшпандық қылудан сақтандыратын.
Хадис шәріпте: «Ұлық Алла Тағаладан қорқыңдар! Егер сендерге құл әмір болса да, оны тыңдаңдар және оған бойұсыныңдар. Расында, араларыңдағы көп өмір сүргендер көп ұрыс-керіске (фитнаға) тап болады. Сондықтан сендерге еш ауытқымай менің сүннетімді және дұрыс жолмен жүрген діндар халифалардың сүннетін ұстану керек», – деп, «Жат ағымның кесапаты» жайында сөз қазғады.