Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы «Түймекент» мешіті жамағатына арнайы облысымызға іс-сапармен келген Астана қаласы «Әзірет Сұлтан» мешітінің ұстазы Отаров Ілиясты жамағатқа таныстырды.
Отаров Ілияс: «Қазіргі кездегі кейбір жат ағым өкілдерінің мұсылман қоғамын даурықтырып жүрген мәселелерінің бірі - мәзһабсыздық, мәзһабты мойындамау. Яғни мәзһаб ұстанудың қажеті жоқ, пайғамбарымыздың ﷺ оның сахабаларының кезінде мәзһаб мүлдем болмаған, Құран алдымызда, хадис кітаптарда жинақталған, тіпті мәзһаб имамдарының өзі оларға тақлид жасауға тыйым салған, «егер сахих хадис көрсеңдер менің сөзімді тастаңдар» деген сөздерін келтіріп, әлсіз адамдардың жүрегіне күмән ұялатуда. Олардың ойынша, әрбір адам ешбір ғалымның айтқанына сүйенбей, Құраннан, хадистерден үкімдерді тікелей алып, амалға асыра беруі қажет. Осы және басқа да кертартпа ойларын алға тартып, енді-енді дін жолына түсіп, Алланың әмірлерін орындауға бет бұрған мұсылман жастарының жүректеріне сызат салуда. Олар мәзһабпен үкім ететіндерді діннен бөлек ағым сияқты көрсеткісі келіп: сен «әһлу сунна уәл жамағаны» ұстанасың ба, әлде Әбу Ханифаның жолын ұстанасың ба, деген сұрақтарын қояды. Исламның алғашқы дәуірінде мәзһабтардың болмауын ол мәзһабқа қажеттілік болмағандығымен түсіндіруге болады. Себебі ол кездегі дінге, Құран аяттарына, хадистерге деген түсінік қосымша талқылауды, зерттеуді қажет етпейтін. Кейінгі дәуірлерде ислам қанат жайып, дінге кірушілер саны көбейген кезде олардың деңгейі Құран мен хадистерді тікелей түсінетіндей дәрежеде болмады, оларға дінді түсіндіруші ғалымдар қажет болды. Әлбетте Құран, хадис, сахабалардың үкімдері ислам шариғатының негіздері, бірақ оны түсінуге кез келген адамның шамасы келмейді. Оны тек таңдаулылар ғана түсіне алады. Атақты ғалым Суфиян ибн Уйайна: «Хадис - фиқһ ғалымдарынан басқаны адастыруы мүмкін», деп айтқан. Бұл дегеніміз хадисті түсіну оны орынды қолдану тек ғұламалардың қолынан келетін іс. Алғашқы дәуір ғалымдарының фиқһ саласында айтқан сөздері, үкімдері осы Құран мен хадисті түсінуден туындаған мәселелер, өйткені олар қазіргі кейбір ғалымсымақтар секілді емес, діннің атынан сөйлеудің қадірін түсінген адамдар. Керісінше, біз олардың сөздеріне жармасуымыз қажет, дін бізге солар арқылы жетті», - деді.