Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінде мешіт жанашылары марапатталды. Шараға Жамбыл облысының бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы, Байзақ ауданының бас имамы Қанат Әділханұлы, Байзақ аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермеков Серік, аудандық ардагерлер кеңесі жанындағы әлеуметтік мәселелер жөніндегі тұрақты комиссияның төрағасы Серік Балабеков және ауыл имамдары мен кәсіпкерлер қатысты.
Бейбіт Әліпбекұлы: «Халқымыз: «Қайырымдылық жасасаң, қайырын өзің көресің», – дейді. Алла Тағала Қасиетті Құранның «Бақара» сүресінің 272-аятында: «(Ей, Мұхаммед!) Оларды тура жолға салуға сен жауапты емессің. Алла қалаған пендесін өзі тура жолға салады. Қайыр-садақа ретінде не берсеңдер де өздерің үшін (жақсы болады). Не берсеңдер де, тек Алланың разылығы үшін берулерің керек. Ізгілік жолында не жұмсасаңдар да, соның бәрі өздеріңе толық қайтарылады және сендер әділетсіздікке ұшырамайсыңдар (яғни, сауаптарыңды толық аласыңдар)» – дейді.
Сөз маржанын теріп, өсиет қалдырған жырауларымыз:
«Өзін ғана ойлаған,
Жамандықтың белгісі.
Өзгені де ойлаған,
Адамдықтың белгісі», – деп жырлайды.
«Өз пайдаңды ойлама, ел пайдасын ойла, өз пайдаң соның ішінде», – дейді халқымыз», - деп мешітке үлесін қосқан кәсіпкерлерді алғыс хатпен марапаттады.