Ежелден елдік мұратты, ұлттық құндылықты ерекше дәріптеген халқымызда ғасырлар бойы кісіліктің көркем үлгілері қалыптасқан. «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қолда барын бір-бірімен бөлісіп, біріне-бірі қамқор, тілеулес болған ұлттың ұлылығы да осында. Қазақ топырағында қалыптасқан «Асар» игі дәстүрі соның бір айғағы. «Асарлатып үй салу» жобасы аясында аудан тұрғындары тұрмыс жағдайы төмен отбасыларға баспана сыйлауда. Өткен жылы ауылдықтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, 12 отбасыға асарлатып үй салып берді. Бұл үрдіс биыл да жалғасын тауып, 14 отбасыны баспанамен қамтамасыз ету жоспарланып отыр.
Игі дәстүр аясында ауылдастарына жанашырлық танытып, бір-біріне көмек қолын созуды азаматтық парызы санаған жаны жомарт жандар араласып, демеушілік жасауда. Осындай азаматтық іс Астананың 25 жылдығы қарсанында Жамбыл облысы Байзақ ауданы Көктал ауылында көрініс тапты.
Айтулы шарада Байзақ аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы, және Көктал ауылдық «Абу Бакір Сыддық» мешітінің имамы Шораев Нұрдос қатысы жылы лебізін білдірді.
Шара барысында аудан әкімі Бақыт Алпысбайұлы «Асарлатып үй салу» жобасының маңыздылығына тоқталды.
«Үй салудағы мақсат – тек мұқтаж адамды баспанамен қамту ғана емес, оның астарында халықтың ынтымағы мен берекесін арттыру жатыр. Қазір ауданда асарлатып үй салу жалғасуда. Бұл еліміздің бірлігі мен тірлігін, халқымыздың ауызбіршілігін, бір-біріне деген бауырмалдығын білдіреді деп есептеймін. Сондықтан, бүгінгі үлкен іске атсалысқан азаматтарға аудан жұртшылығының және өзімнің атымнан алғыс айтамын. Елім, жерім деп, осындай игі істерге үн қосатын азаматтар барда ауданымыздың одан әрі өсіп-өне берері сөзсіз», – деді аудан басшысы.
Шара барысында ауылдық ақсақалдар алқасының төрағасы Досмахан Өмірәліұлы жұртшылықты елдің бірлігін сақтап, ынтымағын арттыруға, жас ұрпақты кішіпейілділікке, татулыққа, қамқорлыққа шақыруға атсалысуға үндесе, үйдің иесі Жанар Бектасова шынайы алғысын жеткізді. Сондай-ақ, асарлатып салынған үйдің көтерілуіне сүбелі үлес қосқан бірқатар азаматтар аудан әкімі мен Көктал ауылы әкімінің атынан марапаттарға ие болды.
Жаңа баспананың лентасы қиылып, ақ жаулықты аналар шашу шашты. Жалпы аумағы 120 шаршы метрді құрайтын баспана 5 бөлмеден тұрады. Таза ауыз су, көгілдір газ кіргізілген.
«Асарлатып үй салу» жобасы бойынша тұрмысы төмен, аз қамтылған отбасыға жаңа баспананың салынуына "Aмаnat" партиясының облыстық және аудандық мәслихаттағы депутаттық фракциясы мен мәслихат депутаттарының демеушілігін ұйымдастырған “Amаnat” партиясы Байзақ аудандық филиалының ықпалын айта кеткеніміз жөн.
Алдағы уақытта да мұндай игілікті істер жалғасын таба беретін болады. Ал мұндай сауапты істен ауданымыздағы қолы ашық, жүрегі жомарт жандар тыс қалмайды деп сенеміз. Себебі қашанда “қолы ашықтың - жолы ашық” деген аталы сөз бар емес пе? Ендеше ауданымыздағы аз қамтылған отбасы, жалғызілікті жандар, көпбалалы отбасыларға көмек қолымызды соза берейік.