Жамбыл облысы Байзақ ауданы «Байзақ баба» мешітінің бас имамы Қанат Әділханұлы ауданға қарасты Мәдімар ауылы «Мәдімар» мешітінің жамағатымен кездесіп, жұма намазын өткізді.
Қанат Әділханұлы: «Лұқман Хакім өзінің ұлына: «Мен саған Аллаға жақындататын және оның ашуынан алыстататын істі өсиет етемін: Алла Тағалаға ешбір ортақ қоспай құлшылық жаса, саған ұнаса да, ұнамаса да Алланың тағдырына разы бол», – деген екен.
Яғни, Алла Тағаланың жазған тағдырына разы болу – бақытты өмір сүрудің кепілі десек те болады. Алла Тағала өз разылығының бір белгісі ретінде құлының тағдырына разы болуында екендігін қасиетті Құран Кәрімде «Бәйинә» сүресінің 8-аятында былай деп білдіреді: «Алла оларға разы, олар да Аллаға разы болды».
Қазақ халқында «Жазмыштан озмыш жоқ» деген өнегелі сөз бар. Бұл дегеніміз тағдырдың жазуынан асып кете алмайсың, тағдырдың басқа салғанын көресің дегенді меңзейді. Халық арасында адам баласының басына қандай да бір іс түссе, «тағдырдың жазуы» немесе «маңдайға жазылғаны сол» деп бір ауыз сөзбен түсіндіріп жатады. Осындай қиындық туған сәттерде тағдырға разы болып қана қоймай, сабырлық танытудың өзі – құлшылық», - деді.
Жұма намазынан кейін бас имам жамағатпен бірге дұға жасады.