Аудандық "Қордай" мешітінде РАНТ мүшесі Мәди Ахметов жұма уағызын жүргізді. Алыстан ат терлетіп келген қонақты ауданның бас имамы Асқар Зәкіржанұлы жамағатқа таныстырды.
"Қазақ ағартушыларының діндегі рөлі және үлесі" тақырыбында жүргізілген жұма уағызына 1000-ға жуық адам қатысты.
Маман: "Ислам дінінде ағартушылыққа үлкен маңыз берілгендігін орта ғасырларда мұсылман елдерінде философия, медицина, эстетика, математика, астрономия тәрізді көптеген ғылым салаларының қауырт дамығанынан аңғаруға болады. Осынау орта ғасырларда ғылымның ерекше дамуына әл-Фарабидің, Әбу Әли ибн Синаның, Әбу Рушдтың, Бирунидің, Махмұт Қашқаридың, Игүнекидің, Баласағұнның және тағы да басқа ғұламалардың сіңірген еңбегі өте айрықша. Қазақ жеріндегі Отырарда дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фарабидің өзі ғылымның әр саласына қатысты 150-ге жуық ірі еңбектер жазды" - деп атап өтіп, тарихи тұлғалардың дінді қалай ұстанғандығы жайлы тілге тиек етті.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі