Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти хазіреттің бастамасымен құрылған «Қамқор-Шарапат» салттық қызмет көрсету орталығының қызметі қазіргі талап пен талғамға сай қолға алынған.
Бүгін аталған орталықтың бастамасымен республика бойынша еліміздің түкпір-түкпірінде кезекті "Өткенге құрмет - тіріге міндет" атты тазалық науқаны аясында зияраттарды тазалау, ретке келтіру шарасы өтіп жатыр.
Жамбыл облысының барлық қала, аудан, ауыл мешіттерінің имамдары мен белсенді жамағат игі істе білек сыбанып, қаланың тазалығына ат салысуда.
Тараздағы қабірлерді тазалау жұмысы өтіп жатқан орынға БАҚ қызметкерлері келіп, облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Ғалымбек Жапек пен Тараз қаласының бас имамы Ержан Аманбаевтан сұқбат алды.
"Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының тапсырмасына сай, жыл сайынғы үрдіс бойынша пәни дүниеден бақи дүниеге өткен мұсылмандарды еске алып, мазараттарды тазалау жұмыстары жүргізіліп келеді. Бұл шарада көпшілік қабірстанды қоқыстан тазартып, артық шөптерін жұлып, имамдар марқұмдардың рухына Құран сауаптарын бағыштайды" - деп атап өтті "Қамқор-Шарапат" орталығының Жамбыл облысындағы өкілі Халид Қожахметов.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі