Шу ауданына қарасты ауылдық мешіттерде көшпелі жиналыс бастамасы іске асты. Бүгін алғашқы жиын Бірлікүстем ауылы "Бірлікүстем" мешітінде өтіп, өңірдің барлық имам-молдалары жиналды.
Ауыл мешіттерінің абыройын көтеру, мешіттерде имамдарды жинау, тәжірибе алмасу мақсатында көтерілген бастама аясында 29 мешітте семинарлар өтпек.
Алғашқы семинарда "Ихсан - рухани тәрбие негізі", "Уағыз-насихат айтудың әдебі" тақырыбында баяндамалар жасалды. Шу ауданының бас имамы Бахтияр Амиреев сөз сөйлеп, тақырыпқа сай имамғарға ақпарат беріп өтті. Сонымен қатар "Кәрібай молда" мешітіне жаңа тағайындалған Аят Дыбысұлын таныстырып өтті.
"Төле би" мешітінің имамы Талғат Кәрібайұлы ҚМДБ бекіткен 5 бағыт турасында тілге тиек етіп, жұмыс жүргізудің ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ, жұмыс барысындағы қателікті жою, нәтиже көрсету жайлы тәжірибесімен бөлісті.
Өңір имамдары жиналған "Бірлікүстем" мешітінің имамы Жетпісбай Әлімбеков жиыннан соң барлық дін қызметкерлерін мешіт асханасына жинап ас берді. Көпшілік аталған шараға көңілдері толып, көшпелі жиынның келесі кезегін өткізуге асық екендерін жеткізді.
Шу аудандық мешітінің баспасөз қызметі