Рамазан айы мүбарак болсын!

Рамазан айы мүбарак болсын!

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Ораза араб тілінде «саум» деп аталады. Саум сөзінің тілдік мағынасы барлық нәрседен тыйылу деген ұғымды берсе, шариғаттағы мағынасы – таң атқаннан күн батқанға дейін ораза ниетімен ішіп-жеуден және төсек қатынасынан тыйылу дегенді білдіреді.

 Рамазан айындағы ораза балиғатқа жеткен әрбір ер мен әйел мұсылманға парыз. Намаз сияқты ол да жекелей парыз етілген ғибадат болғандықтан біреу үшін біреу ораза тұта алмайды. Алла Тағала Құран Кәрімде «Бақара» сүресінің 183-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғы үмметтерге ораза парыз етілгендей, сендерге де парыз етілді. Бәлкім сақтанарсыңдар. Санаулы күндерде», – деген. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, сауаптар еселеніп жазылатын шарапаты мен шапағаты мол ай. Құдси хадисте Алла Тағала: «Ораза – тек Мен үшін. Оның сыйын (сауабын) Өзім ғана беремін...» деп оразаның қадірі мен қасиетін баяндаған. Исламның бес парызының бірі болған оразаның осы айда орындалатыны да сондықтан. Ораза жан мен тәнді рухани тазартатын үлкен сабыр мектебі.

Ораза жайлы орамды ой қозғаған тұлғаның тағы бірі Шәкәрім Құдайбердіұлы болатын. Шәкәрім өзінің «МҰСЫЛМАНДЫҚ ШАРТЫ» (Орынбор, 1911) кітабында «Әр жылда рамазан айында ораза тұтпақ парыз. Ораза кісі күндіз еш нәрсені ішіп-жемейді, күндіз ұрғашыға жатпайды, темекі тартпайды, насыбай атпайды, сағыз да шайнамайды» деп бастай келіп, оразаны Рамазан айын көріп барып ұстаудың дұрыс болатынын баяндайды. Одан ары ораза ұстау ережелеріне қатысты мол мәлімет береді.

«Оразада әдейі ашып жіберген кісі бір күнге алпыс күн кінәрат, яғни тұтас екі ай ораза ұстайды. Халсіз ауру, халі келмейтұғын шал-кемпір, жолаушы үш күндік жолға шыққанда ұстамаса болады. Бірақ жолаушы тым қиыншылық болмаса, ұстаған жақсы және жолаушы үйге келген соң, ауру кісі жазылған соң қазасын ұстайды. Шал менен кемпір әр күн үшін пітір садақасындай бидай береді пақырға және буаз қатынның баласына, яки емшекте болса, бар қатынның баласына өзі ораза болғаннан зиян келетұғын болса, бұлар ашық болады да, артынан қазасын ұстайды» дей келе әйелдердің қандай жағдайда ораза ұстай алатынын анықтап түсіндіреді. Сөз соңында ораза тек тамақтан ғана емес, ауызға да тыйым салу керек деген түйін жасайды. Сөз соңын «Қалай болса солай күнәдан тыйылмай, аузына не келсе соны сөйлеп жүргендей ораза сауапты болмайды. Бәлкім, қабыл да болмас деген қауіп бар» дейді Шәкәрім Құдайбердіұлы.

Мұсылмандар Рамазан айын асыға күтеді. Мұсылман жұртшылығының үшінші парызы - Ораза ұстау. Ауыз бекіткен адам тамақтан ғана емес, бар жамандықтан тыйылып, рухани кемелдене түседі. Ораза жайлы, сәресі кезінде, сонымен қатар ауыз ашар уақытта оқылатын арнайы дұғалар жайлы оқи отырыңыз.

Ораза жайында

Ораза – мұсылманның бес парызының бірі. Рамазан айы келісімен, ислам дінін ұстанушылар таң атқаннан күн батқанға дейін өзін астан тежейді. Сондай-ақ, оразаны бұзатын амалдардан аулақ жүреді. Ораза уақыты таң намазы кірген сәттен басталып, күн батқанға дейін жалғасады.

Құранда Алла Тағала былай дейді: «Ей, иман еткендер! Сендерге бұрынғыларға парыз етілгендей ораза парыз етілді» (Бақара, 2/185). Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай дейді: «Ислам бес нәрседен тұрады: Алладан басқа Құдай жоқ екеніне, Мұхаммедтің Алланың құлы және Елшісі екеніне куәлік ету, намаз оқу, зекет беру, Рамазан оразасын ұстау, шамасы келгендерге қажылықка бару» (Бухари, Имам, 34).

Ораза ұстайтын адам міндетті түрде мұсылман және балиғат жасына толған болуы шарт. Жолаушылар мен науқас адамдарға ораза парыз емес.

Құранда олар жөнінде былай дейді: «Ораза санаулы күндерде. Кімде-кім наукастанса, яки жолаушы болса, басқа күндері өтесін». Кәрілік жасқа келіп, Ораза ұстауға шамалары келмеген жандарға Ораза парыз емес. Сонымен катар хайыз, нифас кезіндегі әйелдер және өзі немесе баласына зиян тиюі ықтимал екі қабат әйелдер мен бала емізген әйелдерге де парыз емес. Кәрі адамдар Ораза орнына пидия береді. Олар Оразаның қазасын да өтемейді. Жолаушыға келсек, ол 90 шақырымнан аса жерге жолаушылап шықса, жолаушы саналып, Ораза ұстамауына рұқсат. Бірақ кейін ұстамаған күндерінің қазасын өтейді.

Сәресіде оқылатын дұға:

نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرُ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Алланың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауызашар кезінде оқылатын дұғалар

Оразада ниет маңызды. Ниетсіз, басқа мақсатпен (арықтау, т.б.) ауыз бекіту бекершілікпен тең. Бұл орайда ауыз ашар кезінде және ауыз бекіту кезінде оқылатын дұғаларды біле жүріңіз.

Сәресіде оқылатын дұға:

نَوَيْتُ أنْ أصُومَ صَوْمَ شَهْرُ رَمَضَانَ مِنَ الْفَجْرِ إِلَى الْمَغْرِبِ خَالِصًا لِلَّهِ تَعَالَى

Оқылуы: «Нәуәйту ән асумә саумә шәһри Рамаданә минәл фәжри иләл мағриби халисан лилләһи таъалә».

Мағынасы: «Таңертеннен кешке дейін Аллаһтың ризалығы үшін Рамазан айының оразасын ұстауға ниет еттім».

Ауыз ашарда оқылатын дұға:

اللَّهُمَّ لَكَ صُمْتُ وَ بِكَ آمَنْتُ وَ عَلَيْكَ تَوَكَّلْتُ وَ على رِزْقِكَ اَفْطَرْتُ وَ صَوْمَ الْغَدِ مِنْ شَهْرِرَمَضانَ نَوَيْتُ فاغْفِرْ لِي ما قَدَّمْتُ وَ ما اَخَّرْتُ

Оқылуы:«Аллаһуммә ләкә сумту уә бикә әәмәнту уә ‘аләйкә тәуәккәлту уә ‘ала ризқикә әфтарту уә саумәлғади мин шәһри Рамадана нәуәйту, фәғфирлии мәә қаддамту уә мәә аххарту».

Мағынасы: «Аллам! Сенің ризалығың үшін ораза ұстадым. Сенің берген ризығыңмен аузымды аштым. Саған иман етіп, саған тәуекел жасадым. Рамазан айының ертеңгі күніне де ауыз бекітуге ниет еттім. Сен менің өткен және келешек күнәларымды кешір».

  Қатарбай  Таджибаев

«Айша-бибі» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: