Өнеге аларлық өмір

Өнеге аларлық өмір

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Ислам тарихында өзіндік орнымен ерекшеленген көптеген әулие, ғалым, ұстаздарымыз өткен. Әрқайсысы өз ғасырларының биік тұлғалары болған еді. Діни басқарма тарапынан "ихсан" ілімін жандандыру мақсатында, кереметтей бір тұлғамыздың өмір жолына қысқаша шолу жасап, әрі сол данамыздың ғибратты жолын айта кеткенді жөн санадық.

Тарих беттерінде жазылғандай, Ислам дәуірінде Баязид Бистәми деген үлкен әулие кісі болған. Ақылдылардың сұлтаны деген атпен танымал болған Баязид Бистәми 113 ғалымнан дәріс алып, өзінен қырық жыл алдын қайтыс болған Жағфар Садиқ хазреттің рухани ілімдерімен сусындаған екен. Баязид Бистәми сопылық ілімінің де негізін қалағандардың бірі десек, артық айтпаған болар едік.

Хазреті Баязид Бистәмидің толық есімі Имам Абдуррахман әс-Суләмидің "Тәбақати Суффия" (сопылардың өмірбаяндары) атты кітабында келтірілген .Әбу Язид (Баязид) Тайфур ибн Иса Сарушан.

Баязид Бистәми 801 жылы Иранның Бастум (Бистом) қаласында дүниеге келген. Сол себептен де Бистами атымен танымал болған екен. Көптеген шәкірттер тәрбиелеген, сопылық жолын терең ұстанған Баязид Бистәми 875-ші жылы дүние салған. Деректерде Жібек жолының бойында яғни, Өзбекстанның Науаий облысындағы ескі Қызылтөбе жерінде жерленгені, ол қабірстанның "Бустан" мазары деп аталатындығы айтылады. Зират маңайында 1929 жылға дейін мешіт болғандығы, соғыс (советтік) дәуірінде бұзылып кетсе де кейін ол жер мемлекет тарапының қолдауында екендігі баршаға мәлім.

 Балалық шағында мешіт ауласында ойнап жүрген кезінде, Шақиқ әл-Бәлхи хазреті кішкентай Баязид Бистәмиді көріп: "Бұл бала кейін есейгенде үлкен әулие болады" деп сипаттап та кеткен екен. Хадис ғалымдарының бірі Бистәмиге: "Әй, балақай, намаз оқуды білесің бе, оқи аласың ба?" деген кезде: "Әрине, Алла қаласа, оқи аламын", депті.

Ғалым: "Қалай?" депті. Баязид: "Алланың әмірін орындау үшін тәкбір аламын, Құран Кәрімінен топ-тобымен оқимын, тағзым ету арқылы рүкіғ жасаймын, кемтарлықпен сәжде жасап, үміттене сәлем беремін", дейді.

Әлгі ғалым қайран қалып: "Әй, зерек бала, осынша қасиет пен терең білімің бар екен, қабыл болсын жасаған дұғаң!", депті.

Баязид Бистәми анасының дұғасын алып, әулиелік дәрежеге көтерілген ғұламалардың бірі болып саналады. Төменде осы ғұламаға қатысты болған ғибратты уақиғалар жайында хикаяларды келтірмекпіз.

Баязид Бистәми Жаратушысынан кешірім тапқан, жүрегі жұмсақ, рухы кәміл пенделердің бірі болған. Ол анасының құрсағында жатқанда-ақ өз күшін көрсеткен екен. Ол былай болған, егер де анасы қандай да күмәнді нәрселер жейтін болса, мазасызданып тебетін болған екен. Қашан анасы ол тағамды құсып тастамайынша, сәби еш тыныштық таппайтын болған екен. Бір замандары Баязид Бистәми құрғақшылық кезінде Құдайдан жауын сұрап келген жамағат үшін бір сағат дұға жасаған кезде, жаңбыр жауа бастап, тәулік бойы нөсер жауын болған екен.

Деректерге сүйенсек, Баязид Бистәми көркем жазу үлгісінің шебері және ақындық қасиеті де болған екен. Бірақ ол кісінің бірде бір еңбектері қазіргі кезге дейін жетпепті. Сондай болса да, біз Баязид Бисиәмиді мәшһүр машайық, тасаууф (сопылық) ғылымының ғалымы сипатында білеміз, әрі қадірлейміз. Терең ойлы, иманды жан болған екен. Өз үйі мен мешітіне дейінгі 40 адымдық жолда еш түкірмейтіні, Анасына деген құрметі ерекше болғандығы, Қажылық сапарына кетіп бара жатып жолда кездескен бір мұқтаж жанға қажылық үшін алып шыққан қаражатын садақа ретінде беріп, артқа қайтқандығы т.б. бұл сияқты көптеген үлгі аларлықтай тәлімі мол, өте тақуа жан болған екен. Баязид Бистәми хазрет өте білімді жан болған. Өзінің бір сөзінде айтады: "Суық қыстың кеші еді. Анам оянып, су ішкісі келді. Мен дереу орнымнан тұрып, су алып беруге ұмтылдым. Бірақ та қарасам, ыдыста су жоқ екен. Сыртқа шығып, бұлақ басына барып су әкелдім. Үйге келдім, анамның ұйықтап жатқанын көрдім. Ұйқысын жалғастырып жатыр екен ғой, ұйықтасын деп оятуға қолым бармады. Су құйып алған ыдысты қолымда ұстап тұрғаныма біраз уақыт болған еді, өйтені анам тағы да оянып, су сұрап қалар ма екен деп күтіп тұрдым. Сол кездегі түннің өте суық болғаны соншалықты мұз ыдыс қолыма жабысып қалған екен. Біраз уақыттан кейін анам оянып, су сұрады. Мен ыдысты ұсынған кезімде қолымның терісі сылынып, қанап кетті. Бұл жағдайды көрген анам: "Уа Аллаһым! Мен балама ризамын, Сен де оған разы болғайсың!" деп дұға жасады, дейді.

Ғалымдар: "Міне, сол дұғаның шарапатынан да шығар, Бистәмидің осындай қасиеттер мен әулиелік бақыттарға жетуі" деп жатады. Білуші Алла!

Бірде бір кісі "Бұл дәрежеге қалай жеттіңіз?", деп сұрапты. Сол кезде Баязид Бистәми: "Әр жерде Алланы көріп тұрғандай сезімде боламын, әрі Алла көріп тұр дегендей сезімде құлшылығымды жасаймын", деген екен. Ойдан ой туады дегендей кейде өзімнің жеке басыма мынадай ой келеді, Кезінде бабаларымыз да перзенттерінің есімдерін "баязид" деп бекерге қоймаған екен ғой. Кім біледі, бәлкім, Осы тұлғадай кемеңгер, дана, саналы боп өссін дегендері де шығар деген ойымды түйіндедім.

Баязид Бистәмиден өсиет етілген төмендегі мына бір нақыл сөздермен әңгімімізді аяқтаймыз: "Әрқашан Алланы жадыңда тұт, тіліңді басқа істермен пайдасыз шұғылданудан аулақ ет. Нәпсіңді (өз-өзіңді) есепке тарт, әркез ілім-білімге ұмтыл, әдеп жолын сақта, үнемі жұмсақ мінезді бол. Алла Тағаланы ұмыттыратын түрлі жолдардан сақтан!"

Үмбет Сабырханов

"Әл-Хақ" мешітінің имамы

Тұрар Рысқұлов ауданы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: