Рамазан айының ерекшеліктері

Рамазан айының ерекшеліктері

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

 Бүкіл әлемдердің Раббысы болған Аллаға сансыз мадақтар болсын! Алланың игілігі мен сәлемі соңғы ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммедке болсын!

   Алла Тағала «Бақара» сүресінің 185 аятында: «Рамазан — адамдарға тура жол нұсқаушы,бекем тұтынатын жолбасшы,ақ пен қараны айырушы ретінде Құран түсірілгенай» — деген. Бұл аят мұсылман өміріңдегі екі маңызды мәселеге нұсқайды.

   Біріншісі: Рамазан айы —  Пайғамбарымыз Мұхаммедке (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) уахи келе бастаған ай және Құранның көп бөлігі Рамазан айларында түсірілген.

   Екіншісі: Рамазан айы басталуымен әрбір балиғат жасына жеткен, ақыл-есі дұрыс мұсылманға ораза ұстау парыз. Ораза — адам баласының Жаратушысы Алла Тағаланың оған берген сансыз нығметі мен жақсылықтары үшін жасалған шүкіршілігі болып табылады. Рамазан айында уахидың түсе бастауының ескерілуі Құранның ұлылығын, Рамазан айының қасиеттілігін, Жаратушының талаптарына бойұсынып, Оған құлшылық етудің маңыздылығын жете түсінуге үндейді. Әр жылдың Рамазан айында Жәбрәил ғ.с. Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) Қасиетті Құранды дұрыс, рет-ретімен жаттауын тексеретін. Рамазан айы осымен де ерекше. Сонымен қатар, жоғарыдағы аят, Қасиетті Құран — адамдарға тура жолды нұсқаушы, жүрекке нұр беруші және иманды нығайтудың бірден бір құралы екенін көрсетуде. Жалпы Құранда айтылғанды ұғыну, амалдардың онда айтылған талаптарға сай болуы, адам баласының жаратылу мақсатына, адам денесінің табиғи сұраныстары мен жан талаптарына қарсы келмейді. Рамазан айында барлық мұсылманға ораза парыз болуының мәнісі - мұсылмандардың бойында ынтымақ сезімін тәрбиелеу, олардың ниет, талаптарын біріктіру, мансап және ұлтқа бөлінбестен бір уақытта бір құлшылықты орындау. Бұл өз кезегінде мұсылмандардың арасындағы өзара бірлік пен түсінушіліктің нығая түсуінің кепілі. Мұсылман үмметінің қасиетті Рамазан айында бірауыздан күнәларының кешірілуіне ұмтылуы, Жаратушының талаптарына жауап беру, тыйғаннан тыйылу, жақсылық жасауға тырысу Хақ Тағаланың жарылқауына қол жеткізудің бірден бір себебі. Рамазан айы —  имандылық пен Аллаһ Тағаланың жарылқау айы болып табылады. Осы себептен Рамазан айында шайтанның азғыруы әлсіреп, шынайы адал ниет пен адамгершілік қасиеттері жандана түседі. Себебі:«Рамазан айы келісімен аспанның есіктері ашылып, тозақ есіктері жабылады. Әрі шайтандарға кісен салынады».

   Рамазан — адалдық пен ықылас айы. Өйткені, шын жүрегінен иман келтірген адам оразасын Жаратушысына арнайды. Адамның иман келтірудегі адалдығы нәпсіқұмарлық пен бос әуестенушілік кеселіне ем болса, амалдағы адалдық екіжүзділікті жояды. Сондықтан да Жаратқан Ие айтады:«Адам баласының барлық амалы өзі үшін, тек ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін». Әбу Умама (родиял-лаһу ъанһу) Пайғамбарымыздан (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):«Я, Расулуллаһ с.ғ.с! Хақ Тағаланың назарында мен үшін пайдалы істі айтсаңыз»,-деп өтінгенде, Расулуллаһ (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):«Ораза ұста. Өйткені онымен тең келер іс жоқ»,-деп жауап берген. Демек, сауаптылықта, адам баласы  өзін рухани тұрғыдан тазартуда, Жаратушысына жақындауда, денсаулықты сауықтыру мен нәпсіні жеңуде оразадан артық нәрсе жоқ! Құран адамдарға тура жол нұсқаушы, бекем тұтынатын жолбасшы ретінде түсірілген,  сөзі ораза ұстаумен жүрек Аллаһ Тағаланың жалғыз және Қасиетті Құран Жаратушының ақиқат сөз екеніне болған нық сеніммен нұрланатынын көрсетуде. Өйткені, Құранда айтылғанды ұғыну арқылы адам баласы дүниенің жаратылу мәнісіне көз жеткізеді, ал бұл өз кезегінде пенденің Жаратушысының талаптарына мойынсұнуын жеңілдетеді. Осының негізінде адамдар арасында мейірімділік пен өзара сүйіспеншілік сезімдері туындайды. Алла Тағаланың пендесіне назар аударып, оны Өз сүйіспеншілігіне бөлеудің бастапқы себебі осы. Өйткені Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бір сөзінде: «Алла Тағала өзгелерге рақымды пенделерін Өз рахметіне бөлейді», -десе, екінші бір сөзінде: «Ар-Рахман өзгелерге рақымдылық еткен пенделерді рахметіне бөлейді. Жер бетіндегілерді рақымдылық етсеңдер, көктегі Алла Тағала да сендерді қамқорлығына алады»,-деген. Ораза ұстайтын адамның өзімшілдік «Мен!» сезімін жеңіп, бар ниеті мен күш-жігерін адам болып жаратылудың ең басты міндеті, яғни Жаратушысына құлшылық ету мақсатына бағыттаса, жаны мен тәнін  тазартса және ел-жұртпен бірге ауыз бекітсе, көпшілікке қосылып бір уақытта сәждеге бас қойса — күнәлары кешіріліп, Жаратушы Иесінің жарылқауына қол жеткізгені. Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады:«Адам баласының барлық амалының сауабын оннан жеті жүз есеге дейін артық беріледі. Алла Тағала айтады:«Оразадан тыс. Өйткені ораза Мен үшін. Мен оразаның есесін беремін. Себебі ораза кезінде пенде Мен үшін шаһуаты мен асынан тыйылады». Оразаның мақсаты — адам баласын рухани тұрғыдан жетілдіру. Рухани тұрғыдан жетілдіру дегеніміз — адам баласының бойында кішіпейілділік,  сабырлық пен адалдық қасиеттерін тәрбиелеуі. Мұсылман бар құлшылығын жалғыз Алла Тағаланың разылығы үшін орындайды. Ал құлшылығын жалғыз Алла Тағаланың разылығы үшін орындау дегеніміз — жаны мен тәнін, бүкіл өмірі мен тіршілігін Алла Тағалаға арнау. Осы жағдайда ғана адам баласы Жаратушысының кәміл разылығы мен қамқорлығына лайық бола алады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм):«Ораза — тозақ отынан қалқан», - деген. Расында да өзін кемшіліктерден тазартқан және лағынеті шайтанның азғыруына ермеген, ниетін дұрыстап, жаман сөз айту мен сұрқия істерді істеуден сақтанған адам қалайша тозаққа барады? Сондықтан да Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) адал ниет  жәнесөз бен істің дұрыстығына назар аударып: «Ораза ұстағандар мен түнде құлшылық ететіндердің ішінде оразасы бар болғаны аш жүру, ал түнгі құлшылығы сайып келгенде түнді көз ілмей өткізу болғандары бар»,- деген. Расулуллаһтың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) бұл хадисы ораза ұстайтын кісінің бейпіл сөзден тыйылуын және ниеті мен ісін шариғат талаптарына сәйкестендіруін талап етуде. Өйткені, ораза ұстаған адам — таң атқаннан кешке дейін тек тамақ ішуден ғана емес, бейпіл сөз бен жағымсыз істен тыйылуы тиіс. Шын ораза ұстайтын адам тілін өсек-аяң мен жаладан, қолын харамды ұстаудан және біреуге зиянын тигізуден, аяғын бұзықтыққа барудан сақтайды. Біреу оны балағаттап, онымен жанжалдасса, ол Пайғамбарымыздың (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтқанына әрекет етеді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (солләл-лаһу ғаләйһи уә салләм) айтады: «Сендерден ораза ұстаған адам жаман сөз айтпасын, дауласпасын. Біреу оны балағаттаса немесе онымен жанжалдасса, ол:«Мен оразамын», - десін». Бұл хадис оразаның маңыздылығына нұсқайды. Өйткені, оразаның мәнісі — сөз және ісінде жағымсыз және айыпты нәрселерден тыйылу. Ораза — дене, әдеп және жан тазалығы. Жан тазалығы — жаман ой-ниеттен сақтану. Ораза жанның тазаруы мен рухтың жоғрылауына мүмкіндік тудырады. Ал мұның өзі адам баласына ораза ұстағанмен салыстырғанда өнімді, әрі сапалы еңбек ететіндей рухани қуат дарытады. Бұл рухани қуат — санасуды қажет ететін өте үлкен күш. Сонымен қатар оразаның денсаулық, сондай-ақ рухани, қоғам және тәрбие салалары үшін тигізер пайдасы мол екені дәлелденген.

   Хақ Тағала айтады:«Сөз жоқ, Біз адамды ең әдемі бейнеде жараттық». Жаратылғандардың ең жоғары сатысын иеленген адам дүниеге пәк және кемел бейнеде келеді. Алайда, адам бойындағы нәпсіқұмарлық оны күнәға итермелеп, жаратылу мақсатына қарсы әрекет етеді. Бұл айтылғанға тамақтану әдебін де жатқызсақ болады. Өйткені, көп жағдайда біз «тойып жеу» тән құмарлығына еріп кетеміз. Жыл сайын ұсталатын ораза осы тәрізді тән құмарлығына қарсы күрес болып табылады. Өйткені, бір ай бойы тәуліктің күндізгі бөлігінде тамақтан тыйылудың нәтижесінде асқазанның көлемі кішірейеді. Оразаның үшінші немесе төртінші күнінде ауыз бекіткен адамның аз көлемде тамақ жей бастауы осының салдарынан. Ал бұл өз кезегінде қажеттен тыс тамақ жеуден тыяды. Сөз соңында айтатын нәрсе, ораза тек азаннан кешке дейін аш жүру емес, бәлкім ол Алла Тағаладан берілетін тән мен жанның, яғни аманаттың жауапкершілігін сезіну, адам өзін сабырлыққа тәрбиелеу, айыпты және жаман істерден тыйылу. Бұл айтылғанға қатысты хадис шарифте:«Ораза ұстаушының әрекетін жоққашығаратынбес нәрсебар.Ол: өтірік айту, жала жабу, өсек сөз, жалған уәде жәнк құмарлық»,-делінген. Ораза уақытындағы тәртіп пен қаталдық адам баласын өмір қиындықтарымен беттестіріп, оның бойында тән және жан талаптарын қадағалау қасиетін тәрбиелейді. Осы арқылы адам Жаратушысының талаптарына бойсұнады. Демек, адам баласы ораза арқылы өзін рухани тұрғыдан тәрбиелеп, адамгершілік негізде жетілдіре түседі.

   Алла Тағала баршаңыздың Рамазан айында ұстаған оразаларыңызды қабыл етсін! Елімізге тыныштық, жұртымызға амандық берсін!

 Ғани Жанұзақұлы

 «Бектөбе» мешітінің имамы

 

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: