Ислам дінін қабылдаушылар саны күн санап артып келеді. Тараз шаһарының әрбір мешітінде болған осы бір оқиғаны жазып шығаратын болсақ, жаңалықтар легі сонымен-ақ толып қаларлық. Әсересе, қасиетті Рамазан айында тура жолды тапқандар мешітке ағылуда. Бәрін тізбектемесек те, бір-екі оқиғаны өздеріңізге ұсынуды жөн көрдік.
Өзге дін, өзге ұлт өкілдерінің мұсылмандықты қабылдап, Алласын тауып жатқан сәттеріне өздеріңіз де куә болып жүрсіздер. Дегенмен кеңес өкіметінің құдайсыз тәрбиесінен кейін ата-бабасынан мұсылман болып келген қазақтардың ішінде де дінін таппай, я шешесінің себебінен өзге дінді ұстанып жүрген адамдардың бар екені белгілі. Аллаға шүкір осы бауырлар қайта дінін тауып, исламға оралуда.
Оған мысал, күні кеше облыстық "Һибатулла Тарази" мешітіне келіп, тілін кәлимаға келтірген жандар.
Данияр Омаров есімді азаматтың әкесі қазақ, шешесі орыс. Осы арада өзінің қай дінді ұстанып жүргенін білмеген азамат, тура жолды іздеп, ақиқатты тапты. Мешітке келіп, Аллаға сенетінін және өзінің мұсалмандықты ресми түрде қабылдағанын жеткізді. Данияр өзінің болашақ жары Вера Александровнаны ерте келген екен. Қыз христиан дінінің өкілі болса да, мұсылмандыққа жүрегі бұрып, қызығып, Рамазан айында ораза ұстап жүрген екен. Енді мешітке арнайы келіп, исламды қабылдады. Қыз есімін Муслима деп жаңартты.
Мұндай оқиға Тараздық келіншектің басында да болған. Оның айтуынша, 7 жыл бұрын шайтанның азғыруымен адасып шіркеуге барып, христиан дінін қабылдап, христиан деген құжат алған екен. "Қалай ата дінімді тәрк еттім, өмірім күрт нашарлады. Қатты қиналдым, өмірімде берекет жоқ, күнде қиындық, тұрмысқа шыққан еріммен де өмірде ауыр кезеңдер болды. Мен сенімнен адасқан соң, Алла да маған назарын салмады. Кейін әпкем "өз дініңе орал" деп насихаттады. Сонда жүрегім жібіп, мұсылмандықты қабылдауға шешім шығардым. Бұл шешімнен соң жүрегім жай тапты. Бірден мешітке келіп, тілімді кәлимаға келтірдім" - дейді келіншек.
Мұсылмандықты қабылдаған кісілермен "Һибатулла Тарази" медресе-колледжінің ұстазы Азамат Абдирахманов тілдесіп, исламның негізгі құндылықтарын түсіндірді.
"Алла қалаған пендесін тура жолға салады" - дейді Құранда. Алла бізді тура жолдан адастырмасын!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі