Бір айтарым бар еді

Бір айтарым бар еді

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

      Алла Тағала Құран Кәрімде: «Ысырап етпе, сөзсіз ысырап етушілер шайтанға бауыр болмақ. Ал шайтан болса, Раббысына тым күпірлік етуші», дейді.

     Жасыратыны жоқ, қоғамға, тіпті дінімізге де өз зиянын тигізетін көптеген оғаш әдеттеріміз бар. Солардың бірі ысырапшылдық. Бүгінгі қозғайын деп отырған өзекті мәселеміз де осы ысырапшылдық жөнінде болмақ. Ысырап болғанда да соңғы кездері ел арасында үлкен шешімі табылмай жүрген түйткіл мәселеге айналып та үлгерген бір амалымыз жайында болғалы тұр.

    Мәйіттің артынан шапан, ақша, жыртыс, шәй тарату сынды дағдылардан әлі арыла алмаудамыз. Жасыратыны жоқ, кейбір жерлерде әлі күнге дейін жаназаға келгендерге ақша тарату еш толастар емес.

"Неге бермеймін, кезінде менің әке-аталарым да сол бір кәдені талай рет алғанын білетін едім" деген ой да тууы мүмкін. Ол заңдылық. Дегенмен, алдыңғы буын өкілдері мүмкін білместікпен алған шығар, мүмкін ағаттықпен алған шығар, мүмкін дәстүрді ұстансақ деп алған шығар, оны бір Аллаға тапсыруымыз керек. Кеңестік дәуірде өздерінше дәстүрдің жолын жаңартып жүрейік деген шығар, кім білсін. Рас, алдыңғы ата-бабаларымыз қылышынан қан тамып тұрған кезеңдерде діні мен дәстүрін жоғалтпаулары үшін түрлі қадамдарға барып жатты. Мысалы, тарауих намазын ауызын ашқан үйлерде оқып, мақсаты сол үйді мешітке айналдыра отырайық, кейінгілерге діннің иісін сезіндірейік деген шығар, кім білед... Шүкір қазір барлық елді мекендер толығымен мешіттер мен имам-молдалармен қамтылған.

            Жақсылап зер салып қарайтын болсақ, сол жаназаға келушілердің ешқайсысы да беріліп жатқан бес-он сомға еш мұқтаждықтары жоқ. Солай бола тұра мұндай дұрыс емес рәсімге еш тоқтау болар емес. Бұл дегеніміз жаназаны тойдан да артық қылып өткізу дегенді білдіреді. Нәтижесінде күнін әрең көріп отырған кейбір отбасылар "мен де солай жасауым керек екен ғой" деп қарыздың түр-түріне батады. Ойланып көріңізші, жақын адамынан айырылған пенде үшін бұл машақат азап үстіне азап болмай немене?! Ал дініміз болса, адамдардың бекерден бекер қиыншылыққа душар болуының алдын алады. Бәрібір бұл амал тоқтамайды деп үміт үзуге болмайды, жүрген жерлерімізде жақындарымызға, таныстарымызға түсіндіре жүрсек, ерте ма кеш па өзі бір қалыпқа, тәртіпке келері хақ. Сол үшін де газетіміздің имандылық айдарына арнайы осы бір тақырыпты жазуды жөн санадық.

             Шариғат терминінде "Бидғат" деген сөз бар. «Бидғат» — сөзінің аудармасына қарайтын болсақ, дінде «жаңадан ойлап шығарылған әдет» деген мағынаны білдіреді. Ғалымдар бұл сөзге қосымша мағына ретінде "жағымсыз, ұнамсыз" деген сөзді де қолданған екен. Міне, жоғарыдағы мәселе бидғат әрі жаман әдет болып саналады.

            Бұл сияқты әдеттер бірден орын алмаған, белгілі бір себептермен басталып, соңы "кім озар екеннің" (жарыс) ықпалымен кеткендігіне, әрі рияға (мақтаныш) апарғандығын аңғаруымызға болады. Әрбір әдеттің ашық, анық рәмізі (мағынасы) болу керек. Сонау ертерек дәуірлерде, тіпті араб өлкелерінде де қабір басына тағам апару үрдісі болған екен. Кейіннен бұл іс те тоқтатылып, дұрыс шешімін тапқан.

     Бір жанұяда бір кісінің марқұм болуымен ол отбасының тіршілігі тоқтап қалмайды. Марқұмдардың рухтары біздердің ізгі істеріміздің сауаптары мен жасаған дұғаларымыз арқылы ғана тыныштық тауып, шат-шадыман бола алады.

      Қандай да бір мұсылман пенде өмірден озған болса, оның жақындары марқұмға үлкен құрметпен қарауы керек. Бұл дегеніміз, мәйіттің иелері оны соңғы сапарға шығарып салу жолын басты назарда ұстануы керек. Нақтырақ айтқанда, оның денесінің таза жуылуына, ақтық шын киімімен кебінделуіне, хош иіс сумен жұпарландырылуына, жаназасының оқылуына және оны қабірстанға иығына көтеріп апаруына бар ынталарын арнаулары керек. Осы жағдайлардан артық іс жасасақ, шектен асып, шариғатта жоқ нәрсені жасасақ, міне соны ысырапшылдық деп атайды.

    Мынаны білуіміз керек, ғұламаларымыздың бекітуіне қарағанда, тірілер тарапынан жасалынған қайырлы амалдардың сауаптары марқұмдарға міндетті түрде жетіп барады. Бұл сенім-нанымдарымыздың (ақида) бір бөлігіне жатады. Шариғатымыз мәйіт артынан жасалынатын барлық діни рәсімдерді өз тәртіп-қағидаларымен белгілеген. Қазіргі таңда ҚМДБ-ның бұған қатысты «Зират пен зиярат», «Ас беру мәдениеті» атты пәтуалар жазылған кітаптары бар. Мәселе көпшіліктің бұған құлақ аспауында болғандай сезіледі.

Жағдайы келмесе де тыраштанып, қарызданып, қауғаланып ас беру де білімсіздіктің бір түріне жатады. «Тура сөз туғаныңа да жақпас" дегендей, ақиқатын айтуға тырыса жеткізіп жатқан үгіттеріміз кейбіреулерге жақпауы да мүмкін, дегенмен, бұл да біздің насихаттық қызметтеріміздің бір бөлігінен тұратынын зерделілер дұрыс қабылдар деген үміттеміз.

     Біздер көбінесе қиын жолдарды өзіміз таңдап аламыз да кейін "Бізді осыншама тауқыметке салғаның не?" деп Құдайға шағымданып қоятынымыз да өтірік емес. Соның нәтижесінде түрлі жағдаяттар мен сынақтар (кедейшілік, ауыру-сырқау, уайым-қайғы) да туындайды.

    Қанша жерден "Тапқаныңыз тойға бұйырсын" ,"Құдай тойға жеткізсін" деген ұранды ұстансақ та "Көрпеңе қарай көсіл" нақылын да естен шығармай, тапқандарың түгел тойға шашылсын, ертеңіне қарыз ал деген мағынада түсініп қалмауымыз керек. Әрі толығырақ айтар болсақ, "Артығымен болған қуаныш (дандайсығандарды айтуда) белді сындырады", деген мақалды да жадымызда сақтау даналық болып табылады. Дарақылықпен, ысырапшылдықпен шашқан дүниеңізді жұрт айлап-жылдап еске алып, мақтап жүре бермес. Кілемге түскен палуанның белі сынғаны секілді өзін әбігерге салып, ысырапқор болған отбасының да белі сынатыны түсінікті жағдай. Ақылды дұрыс орынға пайдалануымыз керек, "Біреу биіктен секірді екен" деп өзімізді де әбігерге салу әбестік болары сөзсіз. Ысырапшылдықтың залалын әркім біледі. Қағаз бетіне бір сөзбен ғана түсіндіретін болсам, Ысырапшылдық байдың да кедейдің де отбасылық тұрмысын ойран ететін үлкен кесірлі жол.

    Мысалы, Еуропадағы миллионер отбасылар да дәл біздер сияқты шашылып-төгіліп ысырап қылмайды. Мейлі тойлары болсын, мейлі қайғылары болсын, барлығын қарапайым түрде өткізуді қолға алған. Олардың мәдениетін емес, олардың тәрік еткен жаман әдеттері жайлы сөз етудеміз.

     Мақаламыздың мақсаты, сіздерге ақыл үйрету емес, ой бөлісуге үндеу еді. Бір нәрсені дұрыс түсінуіміз керек, біздер дәстүрлі исламды насихаттау жолында жүрген қызметкерлерміз. Тек тозығы жеткен кейбір дәстүріміздің бұрыстығын азды-көпті айтқымыз келеді. Кейбір олқылықтардың орнын дұрыстағымыз ғана келеді. Бар жоғы сол ғана еді.

Ойдан ой туады дегендей, айта берсе әңгіме көп, соңғы кезде мәйіт шыққан үйде бейсенбілік берудің өзі де үлкен сәнге айналып бара жатқандығын да байқаймыз, еш жасырмаймыз. Бейсенбіліктеріміз де сол үйге айтарлықтай салмақтар салып жатқанғынын аңғарамыз. Тек сол жердің жергілікті имам-молдалары келіп білген аятын оқып кетсе, қайғысына ортақтасып кетсе жеткілікті емес пе деген де ой туындайдайды. Не керегі бар еді үй иесі көрші-қолаңы мен таныс-тамырын түгендеп деп қаласың. Сөзімізді қайталап айтар болсақ, аталмыш тыйымдар үй иелеріне салмақ түсірмеуді көздейді, бар мақсаты сол ғана.

   Насихатымызды құдси хадисте келтірілген Алланың сөзімен түйіндегенді мақұл санадық, бұл сөз ақиқат сөз, жұмулы көздерді ашары сөзсіз: "Әй Адам баласы, егер Менен ұялмасаң, қалағаныңды жаса!.."

 Сұлтаншәріп қажы Джадраев

Рысқұлов аудандық «Сұлтан» мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (1)

Оқи отырыңыз: