Тәуелсіздік – үлкен нығымет

Тәуелсіздік – үлкен нығымет

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

Тәуелсіздік – Алланың бір халыққа берген үлкен нығыметтерінің бірі. Олай болатыны тәуелді елдің сенімі де, тірлігі де тәуелді болмақ. Бодандықта болған кездерімізде ұлттық құндылықтарымыздың да, дініміздің де қандай халде болғандығын барлығымыз білеміз. Бір жарым ғасырға жуық бодандықта болған уақытта мешіттер қиратылып, шоқындыру саясаты жүргізіліп, ишан-молдаларымыз, ұлтымыздың қаймағы болған зиялыларымыз жер аударылып, атылып үлкен қасіретті бастан кешірдік. 1867-1868 жылдары «Қазақ даласын басқарудың уақытша ережесінің» енгізілуі де өз алдына қазақтарға біраз қиындықтар туғызды. Орынбор әкімшілігінің «Далалық облыстары басқару жөніндегі «Уақытша Ережені» Орал, Торғай облыстарына, басқа да қазақ жерлеріне қатысты қолданып, енгізу бағытындағы қызметі мен реформаның қазақ қоғамына тіліне, дініне, діліне, мәдениетіне тигізген қасіреті өте зор болды.

Бастапқыда, патша үкіметі қазақ халқының ислам дінін насихаттауға мүмкіндік беріп, жеңілдік бергеніне қарамастан, молдалардың қызметін шектеуге және оларды өзінің қазақтарға қатысты саясатын жүзеге асыру үшін пайдалануға байланысты қосымша шаралар ұйымдастырды. Негізінде, әкімшілік билік ислам дінін уағыздаушыларды қатаң түрдегі қадағалауға ала отырып, керісінше, христиан дінін насихатталуына басымырақ үлес қосқан.

Мәшһүр Жүсіп орыс мәдениетіне еліктегендерді сынап былай дейді; Қазір той-думанға барған кісі қаңғырып, мәңгіріп қайтады. Бір таныс жақын жолдастарымен, мәжілістесіп, ойнап-күліп отыра алмай. Сол топта бір орыс болмай, кілең қазақ болса да, бір сартылдақ айғай-ойбай қылық. Бұндай қазақта дәстүр болмаса керек. Қазақ ақ тілеуін тілеп, ақ батасын беріп, бір-бірімен дидарласып, сол қызықтың себебімен мәжілістесіп, жақсы үлгі-сөз, әзіл күлкімен бір жасап қайтады екен:

Шалбарлары тыртиып,

Төбе шашы үрпиіп.

Іш ауру тигендей

Екі көзі кіртиіп.

Мен мына қыздарға қайран қалам,

Бұтына шортик киіп тайраңдаған

Осындай культураны көрмей кеткен

Армансыз өткен екен қайран бабам?!  Егер дін ислам қанат жайып, мешіттеріміз салынып, азандар оқылып жатса бұл да бізге Алланың берген тәуелсіздік нығыметінің арқасы.

1900 жылы Түркістан аймағының саяси ахуалын зерттеуші орыс саясатшылары бұл өлкеде 1503 ірі мешіт, 11230 көпшілік мешіт, оларға тұтқа болған 12499 имам, 5755 мектеп, 5771 мұғалім, 66487 мүриді бар 686 ишан, 1526 шайқы (шейх) ясин сүресін оқитын 1415 мазар (ірі бейіт, қорым) бар екенін жазады. Ал тәуелсіздік алған кезімізде елімізде не бәрі 68 мешіт болған оның 28-і ғана жұмыс істеп тұрған еді. Міне қазірде еліміздегі мешіттеріміздің саны 2 700-ден асып барады. Осы көрсеткіштердің өзі тәуелсіздік нығыметінің қаншалықты құнды екендігін көрсетеді. Енді бізге осы тәуелсіздікті сақтап тұру маңызды. Құранда Алла Тағала: «Егер шүкіршілік етсеңдер (нығыметтерімді) арттырамын» (Ибраһим сүресі 7-аят). Ал тәуелсіздіктің тұғырын берік ұстау отанға деген сүйіспеншілікпен болады.

Туған жерге, отанға деген сүйіспеншілік – терең иманнан туындайтын сезім. Қасиетті Құран Кәрімде «Отан», «отаншылдық» деген ұғымдар кездеспейді. Алайда Алла Тағала: «Ей адамдар! Шүбәсіз біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық, таныссын деп қауымдар мен тайпаларға бөлдік...» (Хужурат сүресі 13 аят) дейді. Яғни, адам баласының белгілі бір ұлттан болуы, белгілі бір отанда дүниеге келуі Алланың бұйрығымен болған дүние. Олай болса өзінің ұлтын, Отанын сүю ең алдымен Алланың тағдырына ризашылық саналады. Пайғамбарымыз (с.а.у.) өмірінде де туған жеріне деген сүйіспеншілігін паш ететін оқиғалар жеткілікті. Оған дәлел Меккеге қайта келу үшін мүшриктермен келісімге қол қоюы, Меккеден көшіп шыққан кезде де қимастық сөздерін айтуы болатын.

Сонымен бірге: «Өздеріңе Алланың берген нығметін еске алыңдар. Сендер бір-біріңе дұшпан едіңдер, Ол жүректеріңнің арасын жарастырды, Оның игілігімен туысқа айналдыңдар» («Әли-Имран» сүресі, 103-аят) деп бір-біріне рухани желімен көгенделген бүкіл иманды жандарды бауыр, туысқан дей отырып осы бауырлықтан артық ешбір қатынас түрі жоқ екендігін білдірген. Жалпы мұсылман үмбеті ешқандай этникалық шектермен бөле-жарылмайтын бір бүтін әлеуметтік және мәдени құбылыс. Мұсылмандықты қисапсыз көп ұлттар мен ұлыстарды түрі мен нәсіліне қарамай бір шаңырақ астына біріктірген бүкіләлемдік бауырмашылдық деп есептеуге де болады. Алайда бұл ақиқат мұсылман баласы өз ұлтынан бас тартсын, халқынан безсін, Отанын құрметтемесін, ұлттық мәдениетінен қол үзсін дегенді білдірмейді. Құран адамзаттық өркениетті байыта отырып, әрбір ұлттың өз болмысын сақтағанын, олардың бір-бірімен тәжірибе мен дәстүр алмастырғанын құптайды.

Құрметті жамағат!

Жер беті жұртшылығы бүгінде Ислам әлемін түрлі ұлттардан, этностардан, сан алуан мәдениеттерден құралған, географиялық орналасуы әр қилы үлкен бір қоғам деп қабылдайды. Исламдағы адам ақысы мәселесін мұқият зерделеп қарасақ, онда мұсылман адамның бәрінен бұрын өз жақын туыстары мен көршілерінің алдында міндеттерінің көп екендігін байқаймыз. Демек мұсылманның өз туыстарының, жақындарының, халқы мен туған жерінің алдындағы борышын сезінуі, терең түйсінуі Исламдағы отаншылдықтың негізі болып саналады. Ислам діні ақиқат пен парасаттылық, адамгершілік пен кішіпейілділік секілді кісіге қажет қасиеттерге үгіттейтін ұлы дін болса, отан сол қасиеттерді жүзеге асыратын, пенделерді өркениетке бастайтын ұлы ұғым. Олардың мүдделері ел игілігі, сол үшін де олар әрқашан бірге болуы, бірге қол ұстаса, иықтаса қызмет етулері тиіс. Дін және діндарлар үшін де отаннан артық, отаннан қымбат ештеңе жоқ. Кім-кімнің де жапырақ жаяр жері Отан. Отансыз бақыт жоқ. Сол себепті, әрбір адам туған жерін, отанын қастерлеуі керек. «Отанды сүю иманнан» деген мағынасы терең қанатты сөз бар. Өйткені иманды адам өз Отанын сыйлап, қастерлей алады. Имансыз адам отанның қадір-қасиетін білмейді.

Отанды ешкім сатып та ала алмайды. Сол себептен де еліміз, жұртымыз біз үшін өте қымбат. Сондықтан қашан да Жаратқан иемізден ары тарт та бері тарт, яғни, фитнаға, алауыздыққа жол бермей, отанның амандығын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін тілейміз. Ал ынтымақты, иманды елді жау ала алмайтыны белгілі. Данышпан, дана, ойшыл әз Төле би:

Бұл қазақтың баласы,

Тегінде нені көрмеген.

Неше бір жайсаң данасы,

Шешен де болған сөзбенен.

Көсем де болған ойменен,

Бірақ соның бәрі де.

Ыдырап жатқан қазақтың,

Қоса алмады бастарын.

Мен боламын дегендер,

Ақтамады сенімді.

Көкірек қаққан хандарың,

Лауазымға таласып.

Быт-шыт қылды елімді,

Береке бітім келместен.

Аз дұшпаннан жеңіліп,

Қайыстырды белімді. - деп, аһ ұрып өтті дүниеден.

Қадірлі қауым!

Имандылыққа бет бұрған ізгі ниетті мұсылман үшін киелі ұғымдардың бірі – елге, жерге, отанға деген сүйіспеншілік. Олай болса, Отанды құрметтеу де мұсылман баласы үшін қастерлі парыз саналады. Отан деп отбасы мен ошақ қасын, ауасын жұтып, суын ішіп жүрген, байлығы мол кең-байтақ жерді, қазыналы қарттар мен ақ жаулықты әжелеріміз тай құлындай бірге өскен құрбы-құрдастарымыз бар ауылды, қадірлі ата-ана, жарымыз бен баламыз жүрген елді айтамыз. Ал бір тілде сөйлейтін, діні бір, тарихы мен мәдениеті бір қауымды ұлт деп атаймыз. Адам өз ұлтын таңдай алмайды. Алла оның белгілі ұлттың өкілі етіп жаратады. («Хужурат» сүресі, 13-аят).

Олай болса, шариғатымыз бойынша жас жеткіншектердің бойында ұлтжандылық, отансүйгіштік сезімдерді қалыптастыруға рұқсат. Алайда ұлтжандылық деп, тек өз ұлтын ғана қастерлейтін, өзге ұлттарды қор санайтын ұлтшылдыққа Исламда орын жоқ. Керісінше, осы туған ел мен жерге ие болу, амандығын тілеу әрбір мұсылманның діни, әрі азаматтық борышы.

Қадірлі жамағат!

Мәдинаға көшкен уақытында адамзаттың ардақты елшісі хазреті Мұхаммед (с.ғ.с.) те Хазрауа деген жерге жеткенде түйесін тоқтатып, кіндік қаны тамған Меккеге жабырқаған көңілмен қимай ұзақ қарап тұрып: – Уаллаһи, сен жер бетіндегі ең көрікті, ең сүйікті мекенсің. Мен үшін сенен артық жер жоқ. Егер тағдыр тауқыметіне ұшырамағанымда, өзіңнен бір сәтке де алыстамас едім, – деген екен. Тағы бір жолы Ұхуд тауына қарап: «Біз Ұхудты жақсы көреміз, Ұхуд та бізді жақсы көреді» дегені де тегіннен тегін емес. Бұл Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) туған жерге деген, туған жерінің әрбір өзен, көл, тау, тасына деген зор сүйіспеншілігін байқатады.

Бір хадисте: «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі Отанды қорғап шекара күзеткен көз» делінген. Демек, «өлсек шейіт, қалсақ ғазимыз» деген асқақ мұратпен «А, Құдайлап» жауға шапқан жүрегі түкті батыр-баһадүрлеріміз ақ білектің күші, ақ найзаның ұшымен дұшпан жолатпаған кең байтақ жерге бабалар аманаты деп қарай білген жөн. Өйткені құс ұясын, ал адам отанын қорғайды. «Біз, қазақ деген мал баққан елміз. Ешкімге соқтықпай жай жатқан елміз. Елімізден құт-береке қашпасын деп, жеріміздің шетін жау баспасын деп, найзаға үкі таққан елміз. Ешбір дұшпан басынбаған елміз. Басымыздан сөз асырмаған елміз...» деген Қазыбек би бабамыздың отты сөзі жерімізге көз алартқан дұшпанды тәубесіне түсіре білген батырлар ұрпағы болғандығымызға дәлел. Халық даналығы «Отан үшін отқа түс, күймейсің» дейді. Бұл не деген сөз? Мәнін ойлап көрдік пе? Бұл Отанды, тәуелсіздікті қорғау жолында бәріне бара білуді, ештеңеден тайсалмауды білдіреді. Жұртымыз аман, Отанымыз тыныш болғай!

 Ержан АМАНБАЕВ

Тараз қалалық "Әулие ата" мешітінің бас имамы

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: