Облыстық "Һибатулла Тараз" мешітіне арнайы келген Дін істері және құзырлы орган қызметкерлері жамағатты мешіт тәртібін сақтауға шақырды.
Мұсылман қауымы үшін мешіттің алар орны бір бөлек. Мешітке келудегі басты мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. «Діни сенімі мықты елдің, іргесі де мықты» деген халқымыз үшін, бүгінде мешіт қоғамдағы барлық мәселенің шешімін табуға, елдегі бірліктің, ынтымақтың сақталуына тікелей себепші болатын орынға айналды.
"Тәуелсіздік алғалы дініміздің ауқымы да, құлшылық ету орындарының саны да артты. Имамдарымыз да осы уақыт аралығында Пайғамбарымыздан келе жатқан сүннетті жалғастырушы ретінде жамағаттың көшбасшысына, халықтың жол көрсетер ақылшысы болып келеді. Алайда, облыстық дін істері басқармасы соңғы уақыттары қаламыздағы мешіттерде имамдарға бойұсынбау, мешіттің ішкі тәртібін бұзу және көпшілік жамағаттың пікірін сыйламау жайттарының көбеюіне байланысты алаңдаушылық білдіріп отыр" - деп сөз бастады мамандар.
Сонымен қатар дін жолына бет бұрғандар саны артып келе жатқанымен әдеп тұрғысынан әлсіздіктің бар екенін де жеткізді. Оған дәлел ретінде Алла үйінде болған тәртіп бұзушылық тілге тиек етілді. "Мешітке келуші бірнеше адам имамға бойұсынбай, жамағаттың ғибадатына, жеке құлшылығына кедергі келтіріп, ескертулерге қарамастан, дау шығарған болатын. Аталған азаматтарға 100 мыңнан – 500 мыңға дейінгі көлемде айыппұлдар салынды. Құқықбұзушылыққа барған азаматтардың бірі тағы бір заңбұзушылыққа барғаны үшін 5 тәулікке қамалды" - деп ескертті құзырлы орган қызметкерлері.
Мамандар жамағатқа мешіттің ішкі тәртібін бұзу шариғатта да, заңда да құпталмайтынын баса айтып түсіндірді.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі