Біз мұсылман халықтары әлемдерге мейрім етіп жіберілген, екі дүниедегі көшбасшымыз болып есептелетін пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) дүниеге келген қасиетті айындағы мәуліт мерекесін ерекше атап өтудеміз. Осы қасиетті Рабиғул әууәл айында еліміздің барша мешіттерінде атап өтілгені секілді Тараз қаласының қалалық бас мешіті болып есептелетін «Әулие ата» мешіті де мәуліт мерекесін жоғары деңгейде атап өтті.
Мешітте жамағатқа арнап дастархан жайылып ас берілді. Игі шара «Әулие ата» мешітінің әрі Тараз қаласының бас имамы Дәуренбеков Орынбасар имамның басшылық етуімен ұйымдастырылды. Имам іс-шараны Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өнегелі өмірбаянын қысқаша баяндаумен бастады. Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көпшілікпен бірге салауаттар айтылып, сәлемдер жолданды. Қасиетті Құран Кәрімнің аяттары оқылып, пайғамбар шапағатын тілеп дұға жасалды.
«Османжан баба» мешітінің имамы Баймаханов Ораз мәуліт жырын араб және қазақ тілдерінде оқып жамағатқа жеткізді. Мәуліттің тарихы мен үкімі жиналған жамағатқа түсіндірілді. Мәуліт мерекелік іс-шарасы арнайы жайылған дастархан басында жалғасын тапты. Айта кетейік имамның ұйымдастыруымен «Әулие ата» мешітінде әр жұма сайын жұма намазынан кейін намазға келген жамағатқа тамақ таратылып келеді.
Ембергенов Амангелді
«Әулие ата» мешітінің баспасөз қызметі