Жамбыл облысы Шу ауданына ҚМДБ Әйел-қыздар секторының меңгерушісі Динара Құтқожақызы арнайы іс-сапармен келді.
Аудандық орталық "Жәми" мешітінде бесін уақытында ұстаздар Сәуле Нұрсұлтанқызы мен Ләззат Маханбетова бастаған әйелдер жамағатымен кездесіп, әсерлі насихат айтты.
Білікті маман исламның бес негізі, ілім алу, исламдағы әйелдің орны жайлы қуатты сөз сөйлеп, қыз-келіншектер, аналардың тәлім-тәрбиесіндегі кемшін тұстарды да атап өтті.
"Әйелдер қауымы еркектер атқаратын істің бәрін істейді. Ғылым-білім, өнерде, басшылық істерде, бизнесте болсын, қай салада да жетістікке жетеді. Спортта штанг көтереді, күреседі. Жаугершілікте соғысып, кегін қайтаратын жауынгер. Алайда, әйелдердің ең негізгі міндеттері ол емес қой. Ең айтулы парызы – жар сүйіп, бала туу, бала емізу, бала иісін сезіну. Аналық ақ сүтін адал емізіп, өнегелі, текті ұрпақ өсіру теңдессіз бақыт. Сондықтан да адамзаттың бақыты да, жұмағы да ананың табанының астында деуі осыдан. Анаңды Меккеге үш рет жаяу арқалап апарсаң да перзенттік парызынан ешқашан құтыла алмайсың. Қазақ атамыз – қызын арға, ұлын нарға балап, ізеттілігін келіннен, татулығын абысыннан, айбарлылығын атадан, мейірімділігін анадан тапқан халық. Қазақ қызын қызғыштай қорып, үкідей үлбіретіп өсірген" - деп нәзік жанды жамағатты ең әуелі әйел екендерін ұмытпауға шақырды.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі