Жамбыл облысының бас имамы Б.Мырзагелдиев бүгін іссапармен Шу ауданына келді. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан «Бейбітшілік және келісім» жобасы аясында келген Бейбіт қажы Әліпбекұлы «этно және конфессияаралық келісім» тобының мүшесі ретінде бірқатар кездесулер мен қабылдауларға қатыспақ. Аталмыш жоба бойынша жұмысшы топтың құрамы облыс әкімінің арнайы өкімімен бекітілген.
Құрамында облыстың бас имамы бар топтың алғашқы жиыны аудан әкімінің орынбасары Бауыржан Батиханұлы жүргізген актив отырысы болды.
Онда Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары, этносаралық және конфессияаралық келісім тобының жетекшісі Мақпал Досымбекова, облыс әкімдігінің жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы, әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерді шешу және бизнесті дамыту тобының жетекшісі Еркін Келесов, Жамбыл облысының прокуратурасының өкілі, құқық қорғау саласы тобының жетекшісі Руслан Әлімдер сөз сөйлеп, маңызды жобаның мән-маңызына тоқталды. Мұнан соң үш топ өз міндеттеріне кірісіп, межелеген мекенжайларға бет алды.
Шу аудандық "Жәми" мешітінің баспасөз қызметі