Қордай ауданына Тараз шаһарынан ат артып келген белгілі уағызшы, РАНТ мүшесі, облыстық "Һибатулла Тарази" мешітінің наиб имамы Нұралы Бақытұлы Қордай жамағатымен бесін намазында жүздесті.
"Жастық шақтың қадірі" тақырыбында әсерлі уағыз айтып, жамағатқа терең ой салды. Көпшіліктің көкейкесті сауалдарына жауап беріп, шариғат бойынша дәлелді мысалдар келтіріп өтті.
"Құранда: «Ол Алла, сендерді болымсыз күйден жаратты, сосын сол әлсіздіктен соң күш-қуат берді. Сосын әлсіздікпен кәрілікте күш-қуатыңды қайта алды», - деген аят бар. Осы аятта Алланың айтып отырған күш-қуаты - ол жастық, адамның қажыр-қайраты артып, ойының тұнық та сергек болған кезеңі. Осы кез адам өмірінінде күннің көтеріліп келе жатқан шуағы тәрізді. Ол таң сәресіндегі күннің сәулесі тәрізді, келешекке мақсат қойған, сол арманына жету үшін бойы шабытқа толы, адам ойлау сезімінің толықсыған кезеңі. Жастық ол адам өмірінің шырқау шыңы, міне сол үшін де қиямет-күні адам өмірін қалай сүргендігі туралы сұрау болған кезде, ең әуелі сен жас күнінде не бітірдің деген сауал міндетті түрде қойылады" - деп ой тастады имам насихатында.
Қордай аудандық мешітінің баспасөз қызметі