Меркі ауданына қарасты барлық ауыл мешіттері жылдағы дәстүр бойынша балаларға арналған жазғы діни сауат ашу курсының жұмысын аяқтады.
Жиын шәкірттердің Құран оқуымен басталып, аудан имамы Азамат Берікұлының сөзімен өз жалғасын тапты.
Азамат Берікұлы: ««Имани жаз» атты жазғы сауат ашу курстарында Меркі ауданы имамдары мен ұстаздары балаларға дәріс беріп, сабақ барысында балаларға Құран әліппесі, иман әдебі мен ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өмірбаяны секілді тағылымы мол сабақтарды үйретті.
Сондай-ақ балалардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында түрлі ойындар ұйымдастырылды. Биылғы діни сауат ашу курсына 200 шәкірт қатысып, бағдарлама бойынша курсты аяқтады. Оның ішінде, 1 пара және жарты пара жаттаған 30 ұл-қыз, Құран Кәрімді жүзінен оқитын 150 шәкірт және 20 шәкірт мұғалім сәни кітабын ақтады.
Осы игі іс-шараға атсалысқан шаршамай-шалдықпай сабақ берген ұстаздарға, келіп сабақ алған шәкірттерге алғысымыз шексіз.
Алла елімізден дін сүйер қарилардың көптеп шығуын нәсіп етсін», - деп, сөзін аяқтады.
Ауданның бас имамы Азамат Берікұлы балаларды сертификатпен марапаттап, Алланың сөзі болған Ұлы кітап Құран Кәрімді сыйға тартты.
Сонымен қатар, осы игі шараға ұйытқы болған, шаршамай-шалдықпай сабақ берген ұстаздардың еңбегін бағалап, 7 ұстазға қаржылай сыйлық табыстады.
Ауданымыздың мерейін асырып, облыстық «Құран Кәрімді жатқа оқудан» өткен жарыста жүлделі 3-ші орын алған Кеңес ауылының тумасы Әділет Бақдәулетке аудандық «Меркі ата» мешітінің атынан қаржылай сыйлық табыстады.
Жазғы демалыс күндерін пайдалы да қызықты өткізген балалар ұстаздарға алғысын айтты.
Меркі аудандық «Меркі ата» мешітінің баспасөз қызметі