Мұсылман халқының басын қосып, қуаныш пен шаттықтың, ынтымақ пен берекенің қазандығы болған қасиетті Құрбан айт мейрамы Тараз шаһарында жоғарғы деңгейде аталып өтті. ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев көпшілік алдына шығып сөз сөйлеп, дүйім жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтап, мерекелік шараны ашты.
Мешіт жанына 8 қанат киіз үй тігіліп, дастахан жайлып, қуырдақ жасалды. Жиналған жұртшылық мешіт ауласында жайылған айттық дастарханнан дәм татып, бір-бірін құттықтап, жылы лебіздерін жеткізіп жатты.
Сонымен қатар балақайлар мұсылмандық мейрамның қызығын сезінсін, айт мерекесін біліп, көріп өссін деген мақсатта аулаға үлкен батут құрылып, балалар мәз-мейрам болды.
Жамағатқа ұлттық ойындар сайысы ұйымдастырылып, көпшілік, "қошқар палуан", "арқан тартыс", "садақ тарту" сынды ойындарда бақ сынап, жеңімпаздар қаржылай сыйлықтармен марапатталды.
"Садақ тарту" сайысы бойынша 1-орынға 15 000 теңге, 2-орынға 10 000 теңге, 3-орынға 5 000 теңге табысталды. "Қошқар палуан" сайысы бойынша жеңімпаз 143 рет қой көтеріп, аталған малды қанжығасына байлады. Айта кетейік, сайыс жеңімпазы ие болған қой 70 000 теңге бағаланады, сондай-ақ 45-50 кг ет береді.
Білекті бірді жығар мықтылардың басқаларына ынталандыру ретінде қаржылай сыйлықтар тарту етілді.
ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша баспасөз қызметі, «asyldin.kz» сайтының ұжымы да барша жұртшылықты Құрбан айт мерекесімен құттықтайды. Алла Тағала баршаңыздың ниетіңізді қабыл етсін!
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі



10 Ноябрь 2025
19 Джумада-авваль 1447

