Әлем мұсылмандары бүгін Құрбан айт мейрамының алғашқы күнін тойлап жатыр. Еліміздің түкпір-түкпірінде бүгін Құрбан айт намазы оқылып, исі мұсылман қауымы ұлық мерекені бастап та кетті. Тараз қаласының жамағаты да айттың алғашқы күні облыстық орталық «Һибатулла Тарази» мешітіне жиналып, айт намазына қатысты.
Таң намазынан айт намазына дейін мешітте Құран оқылып, ҚМДБ-ның Жамбыл облысы бойынша бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев Құрбан айт мейрамы жайында уағыз айтып, барша жамағатты қасиетті мерекемен құттықтады.
Таңғы сағат 6:30-да жамағат бас имамға ұйып, қасиетті Құрбан айт намазын оқыды. Құлшылық етуге келген халықтың көптігі соншалық, қаладағы ең үлкен мешіт лық толды. Айт намазында жамағат тәкбір ташриқ айтып, Алланы ұлықтаған дауыстар құлшылық ордасын жаңғыртты. Намаздан соң бас имам жамағатпен бірге еліміздің тыныштығы мен берекесін тілеп дұға жасады.
Ақерке БЕКҚҰЛОВА
"Һибатулла Тарази" мешітінің баспасөз қызметі