Сексен үш жылға тең Қадір түні

Сексен үш жылға тең Қадір түні

User Rating: 5 / 5

Star ActiveStar ActiveStar ActiveStar ActiveStar Active
 

   Қадір түні– Рамазан айының ішіне жасырылған ең абзал, мың айдан да артық, күнәлар кешірілетін, дұғалар қабыл болатын түн. Құран Кәрім осы түні түсе бастаған. Бұл түні құлшылыққа ерекше мән беріледі. Алланы көп еске алып, жасалған күнәлар үшін кешірім сұралады. Көпшілік мұсылмандар аят пен хадистердегі кейбір меңзеп айтылған сөздерге байланысты Қадір түнін Рамазан айының жиырма алтысынан жиырма жетісіне қараған түнінде деп есептейді.

   Алла Тағала Құран Кәрімді Қадір түні түсіргенін былай баяндайды:

   «Расында Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік. Қадір түнінің не екенін саған не білдірді? Қадір түні мың айдан да артық» (Қадір сүресі, 1-2-3- аяттар) деп, қадір түнінің ерекше қасиетін атай келе, оның «мың айдан артық екенін баяндаған.

Аятта ол түннің артықшылығы мың аймен шектеліп қалмаған. Түптеп келгенде Қадір түні – бір адамның ғұмырының ұзақтығынан да артық уақытты өз ішіне қамтып алған. Міне, осындай ғажап түнді бүкіл әлемдердің жаратушысы осы айдың еншісіне берген. Рамазан айы кіріп, келген кезде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айы кіріп келді. Өте берекелі ай. Ұлы Алла Тағала сендерге бұл айдың оразасын ұстауды парыз етті. Бұл айда жәннат есіктері ашылады. Тозақ есіктері жабылады. Шайтандар кісенделеді. Онда мың айдан да артық бір түн (яғни Қадір түні) бар. Кім оның жақсылығынан құр қалса, (барша жақсылықтардан) мақұрым болыпты», - дейді (Имам Ахмет пен Нәсәи жеткізген).

   Айша анамыз (Алла оған разы болсын): «Алла елшісі ( оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): Қадір түнін Рамазан айының он күнінің тақ түндерінен іздеңдер, – деп айтты», - деген (Бұхари мен Муслим жеткізген). Айша анамыз тағы бі сөзінде: «Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Рамазан айының соңғы он күнінде түні бойы жатпай құлшылық жасап, отбасы мүшелерін (құлшылық жасау үшін) оятып, құлшылық мәселесінде ерекше ынта-жігер танытатын еді», - деген (Бұхари, мен Муслим жеткізген).

   Пайғамбар (оған Алланың салауаты менсәлемі болсын): «Кімде-кім Қадір түнін шынайы иманмен (артықшылығына сеніп), Алла Тағаладан сауап үміт етіп, құлшылықпен өткізсе, оның ілгері өткен күнәлары кешіріледі» - деген еді (Бұхари мен Муслим).

   Демек, бұл түнді ерекше ынта-жігермен құлшылыққа арнап, өткізу сүннет екен. Бос нәрселермен немесе ұйқымен өткізіп алмауымыз керек.

Амангелді Ембергенов

«Құлбай баба» мешітінің имамы       

ҚҰРМЕТТІ ОҚЫРМАН! ОСЫ ТАҚЫРЫПҚА БАЙЛАНЫСТЫ ПІКІРІҢІЗДІ БӨЛІСЕ ОТЫРЫҢЫЗ.
Жаңалықтардың астында қалдырылған комментарийлер мазмұны asyldin.kz рухани ағарту порталында редакцияланбайды. Сайт комментарийлердің пішіні мен мазмұнына жауап бермейді. Пікір білдірерде тәртіп сақтауды сұраймыз!
пікірлер (0)

Оқи отырыңыз: