Жамбыл ауданы Қаламаңы ауылы «Хаджи Тамаль Мадина» мешітінде ауыл имамы Ансар Абилов «ораза тұтушы» кісілерге арнайы керек кеңестер жайында насихат айтты. Имам жиналғандарға мынаны айтты:
- Ислам дінінде ниеттің орны ерекше. Өйткені құлшылықтың қабыл болуы ниетке байланысты.
- Шын мәнінде, Алла Тағала тек шынайы ықыласпен және Оның разылығы үшін жасалған амалды ғана қабыл етеді. Сондықтан біз ораза кезінде барлық сауапты амалды тек шынайы ықыласпен орындауымыз керек.
- Сәресі ораза ұстаған адамға көмектеседі. Бұл туралы Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Алла сәресін ішкен адамға рақымдылық танытады» делінген. Алланың рақымына бөленуді қаласақ, сәресін ішуді ұмытпайық.
- Ізгі адамдармен сұхбат құрудың маңызы ерекше. Өйткені адам баласы жақсы кісімен сұхбаттасқан сайын одан ғибрат алып, жақсы нәрселерді үйренеді.
- Аллаға шүкір, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ұйытқы болуымен көптеген кітап жарық көруде. Солардың ішінен ораза туралы, Рамазан айының артықшылығы жайында жазылған кітаптарды таңдап, үлкен жігер алатын аят-хадистерді, ғұламалардың ғибратты сөздерін оқып, рухани тұрғыдан азық жинап, мейлінше көбірек мәлімет алғанымыз абзал.
- Намаз оқымау ораза ұстамауға кедергі келтірмеу керек. Өйткені екеуі де – Алланың мұсылман баласына бұйырған парыз амалдары.
- Құран оқу – дертке шипа, жанға дауа. Адам баласы Құран оқу арқылы ерекше сезімге бөленеді. Алланың сөзін оқыған сайын ықыласың арта береді.
Ораза кезінде уақытты босқа кетірмей, әрбір сәтті сауапты іске айналдырғанымыз жөн. Тіпті жолда кетіп бара жатып, Аллаға мақтау айтып, кешірім тілеу де – құлшылықтың бір түрі.
Жамбыл аудандық мешітінің баспасөз қызметі